- Басты бет
- Жаңалықтар
- Жаһандық ғылымға жол ашқан тарихи қадам: ҚазҰУ-да «ICESCO Chair» өкілдігі ашылды!
Жаһандық ғылымға жол ашқан тарихи қадам: ҚазҰУ-да «ICESCO Chair» өкілдігі ашылды!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі кезекті ірі жетістігіне қол жеткізді. «Философия. Этика. Болашақ» атты Әл-Фараби халықаралық симпозиумы аясында университет ректоры Жансейіт Түймебаев пен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) бас директоры Сәлім Әл-Мәлік стратегиялық маңызы зор меморандумға қол қойды.
Осы тарихи құжат негізінде факультеттің Дінтану және мәдениеттану кафедрасына ресми түрде ICESCO өкілдігінің (ICESCO Chair) мәртебесі берілді. Бұл – факультет пен кафедраның ғылыми әлеуеті мен халықаралық беделінің жоғары деңгейде мойындалуының айқын дәлелі.
Жаңа өкілдіктің қызметі үш басты бағытта жүзеге асатын болады:
- Ғылыми-зерттеу қызметі: Дінтану мен мәдениеттану саласындағы іргелі зерттеулер тереңдетіліп, ислам әлемі мен Орталық Азияның ортақ тарихи-мәдени мұрасы жаңаша қырынан зерделенеді.
- Білім беру және әлеуетті арттыру: ICESCO-ға мүше мемлекеттердің студенттері мен жас зерттеушілері үшін арнайы курстар, кәсіптік даярлау бағдарламалары әзірленіп, жазғы мектептер мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары ұйымдастырылады.
- Диалог және ағартушылық: Жаһандық деңгейдегі халықаралық конференциялар мен ғылыми семинарлар өткізіліп, бірлескен беделді ғылыми жарияланымдар жарық көреді.
Философия және саясаттану факультетінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан бұл ауқымды жоба отандық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, ҚазҰУ-ды Орталық Азия мен ислам әлемі арасындағы зияткерлік диалогтың басты орталығына айналдыра түспек.
Басқа жаңалықтар