«Ұлы Таң дәуіріндегі Чанъань» халықаралық көрмесі ашылды — ҚазҰУ

«Ұлы Таң дәуіріндегі Чанъань» халықаралық көрмесі ашылды

19 қараша 2026
«Ұлы Таң дәуіріндегі Чанъань» халықаралық көрмесі ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлы Таң дәуіріндегі Чанъань – ашық әрі көпмәдениетті халықаралық қала» атты халықаралық көрме ашылды. Экспозиция Таң әулеті билік құрған кезеңде Шығыс пен Батыстың маңызды саяси, сауда және мәдени орталықтарының біріне айналған ежелгі Чанъань қаласының (қазіргі Қытайдың Сиань қаласы) тарихына арналған.

Көрме бағдарламасы тарих факультетінде өткен «Жібек жолы өркениеті және тарихи жады» тақырыбындағы ғылыми дәрістермен басталды. Сиань музейі директорының орынбасары Чжу Гэминь Таң дәуіріндегі Чанъань мәдениеті мен сол кезеңдегі әйел бейнесіне тоқталды. Сиань қаласының Мәдени мұраны қорғау және археологиялық зерттеулер институтының ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Чжан Лян Жібек жолы бойындағы тарихи нысандарды құжаттандыру мен сақтауға арналған мұрағаттық ақпараттық жүйені таныстырды. ҚазҰУ тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты Гүлжан Беделова XIX ғасырдағы орыс синологиясындағы қытай айдаһарының бейнесі жөнінде баяндама жасады. Дәрістер қазақ және қытай тілдерінде ілеспе аудармамен өтті.

Университеттің Әл-Фараби атындағы Бас музейінде ашылған экспозицияға қытайлық фотографтардың Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштер мен сәулет нысандарын бейнелейтін туындылары қойылды. Фотосуреттер арқылы келушілер Чанъаньның көпұлтты сипатын, сондай-ақ оның Шығыс пен Батыс арасындағы сауда және мәдени байланыстарды дамытудағы орнын таныды.

Көрмеде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген «Жібек жолы: Чанъань – Тянь-Шань дәлізінің маршруттар желісі» нысанының тарихи маңызы да қамтылған.

Шара аясында Сиань музейі мен ҚазҰУ тарих факультеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім ғылыми және кәсіби тәжірибе алмасуды, оқытушылар мен студенттердің өзара сапарларын ұйымдастыруды, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Халықаралық көрмені Сиань қаласының мәдени мұраны қорғау басқармасы, Сиань музейі, ҚазҰУ тарих факультеті және Әл-Фараби атындағы бас музей бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі