«Климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
2026 жылғы 20 қарашада сағат 10:00-де № 214 конференция залында «Климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілікті сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ботаника және агроэкология кафедрасының 8D05108 — «Геоботаника» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанттары ұйымдастырды. Эдвайзер — PhD, Запарина Е. Г.
Дөңгелек үстел аясында климаттың өзгеруі жағдайында қоршаған ортаны қорғау, табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері қарастырылды.
Докторант Тұрсымбай Калима (ғылыми жетекшісі — Инелова Зарина Аркенжановна) климаттың өзгеруінің өсімдіктер жамылғысына әсері туралы баяндама жасады. Өсімдіктердің басқа ағзалармен экологиялық байланыстарын, соның ішінде тозаңдандырушы бунақденелілердің рөлін ескерудің маңызына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жұртшылықты тозаңдандырушыларды зерттеуге тартуға бағытталған «Aralap» азаматтық ғылым жобасы таныстырылды.

Докторант Изатулла Жұлдыз (ғылыми жетекшісі — Осмонали Бектемір) Ботаника және фитоинтродукция институтының қызметі мен сирек кездесетін өсімдіктерді жерсіндіру жұмыстары туралы баяндады. Баяндамада Қазақстанның эндемиктері болып табылатын әрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген қызғалдақ түрлеріне және оларды сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру аясында ұйымдастырылып, 13-ТДМ — «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және 15-ТДМ — «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсаттарына сәйкес өткізілді.
Басқа жаңалықтар