Өмірге құштарлық: өзіңді дамыту – өмірді өзгерту — ҚазҰУ

Өмірге құштарлық: өзіңді дамыту – өмірді өзгерту

20 қараша 2026
Өмірге құштарлық: өзіңді дамыту – өмірді өзгерту

2026 жылғы 19 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінде «Биотехнология» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттеріне арналған «Өмірге құштарлық. Өзіңді дамыту – өмірді өзгерту» тақырыбындағы интерактивті психологиялық тренинг өтті. Тренингті Биотехнология кафедрасының оқытушысы, эдвайзер А. Б. Болекбаева өткізді. Іс-шараға факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ж. М. Басығараев және факультет эдвайзерлері қатысты. Кездесу студенттердің өзін-өзі тануына, тұлғалық әлеуетін ашуына, мақсат қоюына және жаңа ортада өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Тренингтің негізгі идеясы – үлкен өзгеріс күнделікті жасалатын шағын әрі саналы қадамнан басталады.

Тренинг барысында студенттер өздерінің күшті қасиеттерін анықтап, өмірлік құндылықтары мен басымдықтарын саралады. «Менің тұлғалық портретім», «Шектеулерден мүмкіндіктерге», «Менің өмірлік компасым» және SMART әдісі бойынша орындалған тапсырмалар қатысушыларға арманды нақты мақсатқа айналдыру жолдарын түсінуге көмектесті.

Топтық жұмыстарда студенттер өзіне деген сенімділік, уақытты тиімді басқару және сәтсіздіктен қорқу тақырыптарын талқылады. Қатысушылар шектеуші ойларды қолдаушы ойларға айналдырып, нақты әрекет қадамдарын ұсынды. Тренинг өзара жылы лебіз айту және «Өзгеріс өзімнен басталады» рефлексиясымен қорытындыланды.

Іс-шара студенттердің белсенді қатысуымен өтіп, ашық пікір алмасуға, шығармашылық жұмысқа және бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Фотоматериалдар

 

1-сурет. Тренинг жүргізушісі және топтық жұмыс сәті.

2-сурет. Студенттердің интерактивті тапсырмаларға белсенді қатысуы.

 

3-сурет. Шығармашылық және рефлексиялық тапсырмаларды орындау барысы.

4-сурет. Қатысушылармен ашық пікір алмасу сәті.