ЕМТИХАН СЕССИЯСЫНА ДАЙЫНДЫҚ, АКАДЕМИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫН ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІЛДІ — ҚазҰУ

ЕМТИХАН СЕССИЯСЫНА ДАЙЫНДЫҚ, АКАДЕМИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫН ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІЛДІ

23 қараша 2026
ЕМТИХАН СЕССИЯСЫНА ДАЙЫНДЫҚ, АКАДЕМИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫН ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІЛДІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасында студенттердің емтихан сессиясына сапалы дайындалуын қамтамасыз ету, емтихан өткізу тәртібі мен академиялық талаптарды түсіндіру, сондай-ақ білім алушылардың психологиялық саулығын сақтау және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында кешенді ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Аталған жұмыстар кафедра меңгерушісінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, оған Теменова Гульзада Канатовна, Қырқымбекова Алтынай Тастанбековна, Қуанышбаев Ержан Айтуұлы, Дулаева Эльнара Зильпикаровна және Монтанай Эльмира Әзімбайқызы қатысты.

Жұмыс барысында эдвайзерлер мен кураторлар өздеріне бекітілген академиялық топтардың студенттерімен жеке және топтық кездесулер өткізіп, арнайы кураторлық сағаттар ұйымдастырды. Кураторлық сағаттар аясында студенттердің оқу үлгерімі, сабаққа қатысуы, емтихан сессиясына дайындық деңгейі, академиялық және әлеуметтік ортада кездесетін қиындықтары жан-жақты қарастырылды. Әрбір куратор өз студенттерімен жеке әңгімелесу жүргізіп, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, туындаған мәселелерді шешу бойынша тиісті түсіндіру және бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүзеге асырды.

Кездесулер барысында студенттерге емтихан сессиясына дайындықтың негізгі кезеңдері, емтихан тапсыру тәртібі, бағалау жүйесі және академиялық адалдық қағидаттары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, емтихан кезінде сақталуы тиіс ережелер, аудиториядағы тәртіп, емтихан тапсырмаларын орындау талаптары, рұқсат етілмейтін әрекеттер, сондай-ақ академиялық адалдық нормаларын бұзған жағдайда туындайтын жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Сонымен қатар білім алушыларға емтихан кестесін алдын ала қадағалау, пәндер бойынша оқу материалдарын жүйелі түрде қайталау, уақытты тиімді жоспарлау және емтиханға дайындық барысында өзіндік жұмысты дұрыс ұйымдастыру жөнінде әдістемелік ұсыныстар берілді. Студенттердің емтихан кезеңінде кездесуі мүмкін академиялық қиындықтары, оқу жүктемесін тиімді бөлу, білімді бағалау талаптарын түсіну және туындаған мәселелерді уақытылы шешу жолдары талқыланды.

Профилактикалық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі студенттердің эмоционалдық-психологиялық жағдайын қолдау және психологиялық қиындықтардың алдын алу мәселелеріне арналды. Кураторлық сағаттар мен жеке әңгімелесулер барысында емтихан алдындағы қобалжу, эмоционалдық қысым, оқу жүктемесіне байланысты күйзеліс, әлеуметтік ортаға бейімделу және тұлғааралық қарым-қатынаста туындайтын қиындықтар қарастырылды. Студенттердің психологиялық жай-күйіне назар аудару, мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау, олардың мәселелерін мұқият тыңдау және қажетті жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігі атап өтілді.

Осы бағытта «Студенттер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және университет қызметкерлерінің іс-әрекет алгоритмі» тақырыбындағы арнайы жадынама таныстырылды. Жадынама аясында психологиялық дағдарыстың ықтимал белгілерін анықтау, студентпен сенімді әрі қолдаушы қарым-қатынас орнату, оның жеке мәселелеріне бейжай қарамау, университет психологына бағыттау және қауіп төнген жағдайда белгіленген тәртіппен жедел көмекке жүгіну алгоритмі түсіндірілді.

Әсіресе шетелдік студенттердің жаңа әлеуметтік және академиялық ортаға бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тілдік кедергілер, мәдени айырмашылықтар, әлеуметтік ортаға үйрену, отбасынан жырақта білім алу және оқу үдерісіне бейімделу барысында кездесетін қиындықтар талқыланды. Осыған байланысты кураторларға шетелдік білім алушылармен тұрақты байланыс орнату, олардың академиялық үлгерімі мен психологиялық жағдайын жүйелі түрде бақылау, қажет болған жағдайда жеке қолдау көрсету ұсынылды.

Кездесу және кураторлық сағаттар барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, емтихан өткізу тәртібі, бағалау талаптары, оқу үдерісіндегі қиындықтар және психологиялық қолдау алу мүмкіндіктері бойынша түсініктемелер алды. Сонымен қатар эдвайзерлер мен кураторлардың студенттермен тұрақты кері байланыс орнатуы, сенімді қарым-қатынас қалыптастыруы және білім алушылардың мәселелерін ерте кезеңде анықтауы маңызды екені атап өтілді.

Жүргізілген жұмыстардың қорытындысында әрбір кураторға өзіне бекітілген студенттермен жүйелі профилактикалық және тәрбиелік жұмыстарды жалғастыру, кураторлық сағаттар өткізу, білім алушылардың академиялық үлгерімі мен психологиялық жағдайын назарда ұстау ұсынылды.

Кафедра ұжымы студенттердің академиялық жетістіктерін қамтамасыз ету, психологиялық саулығын сақтау, әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.

 

Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедра меңгерушісі: 

ассистент-профессор  Халел Агнур