2026 жылғы 17 қараша күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тілі білімі кафедрасының профессор м.а., ф.ғ.к. Құлжанова Бақытгүл Райханқызы 7М02313 «Қазақ филологиясы» мамандығының эдвайзерлік тобындағы 1-курс магистранттарымен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесіне арналған әдеби талдау іс-шарасы өткізілді.

«Дулат Исабековтің “Гауһартас” повесін Тұрақты даму мақсаттары аясында талдау: отбасындағы әйел бейнесі және гендерлік теңдік» тақырыбындағы әдеби-танымдық талқылау (дөңгелек үстел). Кездесудің басты мақсаты — көркем туындыны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №5 бағыты — «Гендерлік теңдік» аясында заманауи көзқараспен зерделеу болды. Талқылау барысында магистранттар шығармадағы басты кейіпкер Салтанаттың нәзік жан дүниесі мен отбасындағы әйел тағдырына терең талдау жасады.

Салтанаттың өнер мен сұлулыққа деген іңкәрлігі, мейірімділігі мен отбасы берекесін сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегі ерекше атап өтілді. Күйеуі Ыбыштың қаталдығы мен эмоционалды салқындығы арқылы сол кезеңдегі патриархалды көзқарас пен әйел құқығының шектелуі сараланды. Қатысушылар отбасындағы моральдық-психологиялық қысым мен түсініспеушіліктің әйелдің ментальды денсаулығына тигізетін ауыр зардаптарын талқылады. Салтанаттың мезгілсіз дертке шалдығып, өмірден өтуі тек физикалық суық тию емес, созылмалы күйзеліс пен жан жалғыздығының салдары екені дәйектелді. Сонымен қатар Ыбыштың шаруашылықты бәрінен биік қоятын прагматикалық ұстанымы мен Қайыркеннің мейірімге толы гуманистік болмысы салыстырылды.

Магистранттар шығармадағы гендерлік стереотиптерді бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықтармен ұштастыра отырып, өз пікірлерін ортаға салды. Пікірталас кезеңінде отбасындағы өзара құрмет пен тең құқылы қарым-қатынастың тұрақты қоғам қалыптастырудағы маңызы сөз болды. Іс-шара барысында қатысушылар тақырып бойынша сыни ойлау және ғылыми пайымдау дағдыларын белсенді көрсетті. Талдау қорытындысы бойынша шығармадағы әлеуметтік және гендерлік мәселелерді алдағы семинар сабақтары мен ғылыми мақалаларда тереңірек зерттеу ұсынылды. Жалпы алғанда, әдеби талқылау жоғары академиялық деңгейде өтіп, алға қойылған мақсаттарына толық қол жеткізді. Сонымен қатар қатысушыларға шығармашылық тапсырма ұсынылды. Олар қазақ жазушыларының көркемдік стиліне сүйене отырып, шығармадағы белгілі бір эпизод негізінде өз пікірлерін білдіріп, басты кейіпкердің бірі – Ыбыштың психологиялық күйін ашуға тырысты. Бұл тапсырма қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, кейіпкердің ішкі жан дүниесіне тереңірек үңілуіне мүмкіндік берді. Іс-шара мазмұнды пікір алмасу мен қызықты талқылауға ұласты. Осындай әдеби кездесулер мен танымдық іс-шаралар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақ әдебиетінің көркем туындыларын тереңірек танып-білуіне ықпал етеді деген сенімдеміз!
Басқа жаңалықтар