ҚазҰУ студенті жыр додасында жүлделі орын иеленді

8 желтоқсан, 2016

Алматы қаласындағы Республика сарайында тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Тұңғыш президент күніне орай жас ақындардың республикалық жыр мүшайрасы өтті. Дүбірлі доданың бас жүлдесін университетіміздің «Шығыстану» факультеті қытайтану кафедрасының 2-курс магистранты Қауымбек Қайсар жеңіп алды.

Осымен бірнеше мәрте ұйымдастырылып отырған жыр мүшайрасына республикамыздың барлық облыс, қалаларынан ақындар қатысты. Алдын-ала іріктеу нәтижесінде үміткерлер қатарынан 18-і оза шықты. Олардың өлеңдегі өресін ақын Әділғазы Қайырбеков бастаған жазушылар одағының сақа ақындары салмақтады. Байқауға қатысушылар қос-қостан өлең оқып, бірін Тәуелсіздік пен Елбасына арнаса, екіншісі еркін тақырыпқа бағытталды. Жалынды жастардың жүректерінен шыққан өрнекті өлең жолдары өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Жиналған жұртшылық жаппай мақтау мен одағай ұрандардан гөрі салмақты ой мен терең топшылау басым болғанына қуанды. Бұл жайында қазылар алқасының төрағасы Әділғазы Қайырбеков та тұшымды пікірін білдірді. «Тақырыпты ашу осы екен деп, сапыра мақтау – мүшайраның талабына қайшы дүние. осыны жете түсінген Қауымбек Қайсар, Шерхан Талап, Алтыншапақ Хаутай сынды ақындар «Тәуелсіздік» дейтін ұлы ұғымға деген құрметін шынайы поэзияға айналдыра білді. Ақындарға жүлде беру барысында осы талаптарды негізге алдық» - деді ол.

Мүшайраның айтулы жүлделері де аталмыш ақындардың қанжығасына байланды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын Шерхан Талапқа, екінші орын Алтыншапақ Хаутай қызына тиесілі болды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесін еншілеген Қауымбек Қайсарға 350 мың теңге көлемінде сыйлық табысталды.

Университет абыройын асқақтатқан шәкірттеріміздің жеңістері біздің жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатады, олардың әлі бағындырар асулары алда деп сенеміз! Ал шәкіртімізге поэзия шыңында қанатың талмай қалықтап ұша бер демекпіз!.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi Шығыстану факультеті

қытайтану кафедрасының оқытушылары

А.КЕНЖЕБАЕВА, А. НУРЖАЕВА