Достықтың тұғыры

14 тамыз, 2017

Чжэн Хэ атындағы Халықаралық бейбітшілік қоры және Қазақстандағы дұнған қауымдастығының бірлестігімен дұнғандардың Қазақстанда мекендеуіне мерейлі 140 жыл толуына арналған «Чжэн Хэ және Ұлы Жібек жолы» атты халықаралық конференция болып өтті.

Шараға АҚШ, Европа, Малайзия, Қытай, Өзбекстан және ТМД елдерінің өкілдері мен ғалымдар қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өз сөзінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында ынтымақтастықта, бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тіршілік етіп келеді дей келе, «Чжэн Хэ және Ұлы Жібек жолы» халықаралық конференциясының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ректор жақында ҚазҰУ-да Жаңа Жібек Жолы университеттері альянсінің атқарушы комитетінің (UASR) жиыны болып, онда қаралған негізгі жобаларға тоқталды. Қазақстандағы дұнған қауымдастығының жетекшісі Х.Ш. Дауров: «Құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлкеде ырыс пен ынтымақта өмір сүру кез келген ұлттың бағына беріле бермейді. Сондықтан да мен қазақ халқының мейірмандылығын, қонақжайлығын, кең пейілділігін үнемі мақтан етіп келемін», - деді. Жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен, тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қа­райтыны жүздесуде анық байқалды.

Шарада барысында Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан елдердің арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланып, баяндамалар жасалды. Сондай-ақ жиында Қазақстандағы Ұлттық агро-өнеркәсіп палатасының президенті Қ.Қ. Масимовқа Чжэн Хэ атындағы Халықаралық бейбітшілік қор премиясы табыс етіліп, шара соңы алғыс хат, сый-сияпат берумен ұласты.  

 

   Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz