Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және үнді Refex Group компаниясы жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту саласында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, университет баламалы энергия көздерін енгізу стратегиясын белсенді дамытатын БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі хабы болып табылады, сондықтан бұл бағыт ҚазҰУ үшін аса маңызды.
«Біздің университет базасында ЖЭК жаңа түрлерін енгізу, оларды одан әрі насихаттау үшін бірегей негіз болады. Кампуста баламалы энергия көздерінің демонстрациялық орталығын құра отырып, біз Қазақстан, Орталық Азия және Еуразиялық кеңістікте оң тәжірибемізді тарата аламыз», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
Өз кезегінде Refex Group атқарушы директоры Раджагопалан Шайлеш университеттің инновациялық технологияларды дамыту саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.
«Біз ҚазҰУ-дың барлық мүмкіндіктерін көріп, технопаркке, ғылыми зертханаларға бардық. Кампус ғимараттарының шатырында күн батареяларын орнатудан бастаған табысты және өзара тиімді ынтымақтастыққа кірісуге дайын. Бұл бағытты біз Үндістанда дамытудамыз, қазіргі уақытта басқа елдерде де ауқымды түрде ілгерілетеміз», – деді Шайлеш мырза.
Refex Group күн энергетикасын дамытумен айналысады және Үндістанда экологиялық таза баламалы энергия көздерін ұсынады. Компания күн энергиясы саласындағы ұлттық саясатқа сәйкес пайдалануға берілген елдегі үздік бес күн электр станциясының үшеуін салды. Сондай-ақ олар венчурлік капиталға, жылжымайтын мүлік пен ойын-сауық, ауылдық энергетикасына қатысты шешімдерді қамтитын бірнеше жобаларға ат салысуда.