ТУЫЛҒАН КҮНІҢМЕН, ҰЛЫ АДАМ!

11 қазан, 2019

         Осыдан тура 150 жыл бұрын, яғни, 1869 жылы 2 қазан күні Үндістанның Гуджарат штатында Үнді халқының әкесі, саяси және қоғам қайраткері, «Ахимса», «Сатьяграх» идеологиясының авторы Махатма Ганди дүние есігін ашқан еді. Бүкіл дүние жүзіне күш көрсетпей, қан төкпей-ақ жеңіске жетуді дәлелдеген, әлемді бейбітшілікке шақырған, касталық және нәсілдік жүйелерге қарсы дауыс көтерген Ганди - үндінің ұлы ақыны мен жазушысы, сазгер әрі суретші, қоғам қайраткері Рабиндранат Тагор атап кеткендей расымен де ұлы адам еді. Осындай ұлы адамның туылған күн мерекесін атап өтуде Қазақстан сияқты демократиялық мемлекет ешқашан шет қалған емес. Қанша жылға созылып келе жатқан дәстүр бойынша, дәл осы күні Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы саябақта Махатма Гандидың туылған күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Прабхат Кумар мырза, Алматыдағы Үндістан Елшілігінің консулы Мартин Клеменс мырза, Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығының директоры Санджай Гарг мырза, сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігінің қонақтары мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре мырза қонақ болып келді. Сөз сөйлеген әрбір қонақ Махатма Гандидың тек Үндістан үшін ғана емес, күллі әлем және әлемдегі бейбітшілік үшін төккен тері мен ерен еңбегі жайлы сөз қозғады. Кішкентай денеге сыя алған осыншама кең жүрек бар әлемді бір болуға, дос болуға, махаббат пен мейірімге шақырды. Сондықтан да Қазақстан сияқты көптеген ұлт пен ұлыс тату өмір сүретін бейбіт ел үшін Махатма Гандидің, ұлы тұлғаның туылған күні расымен де атаулы күн. Мерекелік іс-шара барысында әндер шырқалып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті, Үндітану бөлімінің студенттері Махатма Гандиге арналған хинди тіліндегі өлең жолдары мен нақыл сөздерін оқыды. Іс-шара біздер үшін, яғни, студенттер үшін осындай ұлы тұлғаның өмір жолымен танысып-білуге, оның мейірімділік пен достық идеяларын өзімізге үлгі етуге, сонымен қатар, барша әлем мойындаған ұлы тұлғаның туылған күнінің жоғары деңгейде аталып өтілуіне үлес қосуымызға көп септігін тигізді. Күллі әлемді мейірімділік пен кең жүректің алдында тізе бүктірген Махатма Ганди біздер үшін, жалындаған жастар үшін үлгі, тамыры тереңге жайылған тарих парақтары үшін есімі алтын әріптермен жазылған ұлы жан болып қалатыны сөзсіз!

                                                                                                                                                                              

                                                                                                                                                                             Үндітану бөлімінің 2-курс студенті

                                                                                                                                                                                                               Урумова Тоғжан