Қиыр Шығыс кафедрасында студенттердің «Шин сэдэ» ғылыми үйірмесінің жұмысы аясында саяси ғылымдар докторы Дмитрий Вольбонович Меннің Солтүстік Кореяға сапары туралы ашық лекциясы өтті.
2019 жылдың 2-10 қыркүйегі аралығында саяси ғылымдар докторы Д.В.Мен Қазақстандағы корейлер ассоциациясының ресми делегациясы құрамында КХДР-да болып қайтты. Д.В.Мен өз сөзінде корейтану студенттеріне осы сапары туралы әңгімелеп берді.
Сапарлары Алматы-Пекин-Пхенъян бағытынан тұрған ресми делегацияны Пхенъян әуежайында шетелдік корейлер бойынша бөлім басшысының орынбасары Чэ Чоль Хо мырза мен аудармашы-гидтер қонақжайлылықпен қарсы алыпты.
Солтүстік Корея астанасының сәулетінен қатты әсер алған Д.В.Менді ондағы зәулім ғимараттар, сапалы автокөлік жолдары мен кептелістің аз болуы таң қалдырыпты. Алайда, елде осы күнге дейін солтүстік корейліктер қажетті азық-түлікті карталық жүйемен алады екен.
Сапар барысында ресми делегация Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің тарихи сыйлықтар мұражайында болып, жалпы саны бірнеше жүздеген мыңнан асатын көптеген елдердің президенттері мен премьер-министрлері тарту еткен кәдесыйларды көріп тамашалағандарын, сонымен қатар, атақты Кымгансан тауын (биіктігі 1639 метр) бағындырғандарын баяндады.
«Солтүстік Корея соңғы онжылдықтың ішінде корей социализмі түсінігі бойынша қайта жаңғырту бағытында серпінді қадам жасапты. Пхенъян түбегейлі жаңарған, оны Ханой (Вьетнам), Бангкок (Тайланд) сынды азиялық қалалармен салыстыруға болады екен. Мені бұл халықтың мықтылығы мен олардың аман қалу тәсілі таң қалдырды» - деп, Д.В.Мен дәрісін аяқтады. Қызықты әрі бірегей ашық лекция соңында студенттер дәріскерге өз сауалдарын қойды.