ҚазҰУ – Ұлттық зерттеу университетіне айналады

11 қаңтар, 2011

Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз не, оған лайық болу үшін не істеу керек? Осы өзекті сауалға 11 қаңтар күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен "Зерттеу университетінің білім беру қызметі" атты ғылыми конференцияда шетелдік және отандық ғалымдар жан-жақты жауап іздеді. Қазірде әлемдік топ-университеттер қатарына енуге бірден бір айқын жол – жоғары оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру болып табылады. Осы бағытты ұстанған отандық ғалымдар аталған конференцияда қазақстандық білім және ғылым кеңістігінің әлемдік университеттер рейтингісінен лайықты орын алуы үшін қандай нақты жоспарларды жүзеге асыру қажеттігін ортаға салды.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқалы Бүркітбаев: “Әлемдегі ең жоғары топ-рейтингтерге енген оқу ордаларының бәрі де зерттеу университеттері болып табылады. Ұлттық зерттеу университетіне айналу ол тек біздің ғана мақсат емес, ол үкіметтің де мақсаты деп айтуға болады. Жақында баспасөз беттерінде ЖОО бағдарламалары жарияланғаны белгілі. Сол бағдарламада зерттеу университетінің түсінігі толық жазылған. Сонымен біз ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу бағдарламасын құрып жатырмыз”, - десе, әріптестерімен тәжірибе бөлісе келген Ұлттық зерттеу Томск мемлекеттік университетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Александр Ревушкин: “Ұлттық зерттеу университеті үнемі талантты студенттермен толығып отыруымен маңызды”, - деген ойды алға тартты. Сонымен қатар ол зерттеу университеті атағын алған бір жыл уақыт ішіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді атап өтті. Конференцияда сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шетелдік зерттеу университетінің тәжірибесі,ондағы магистранттарды дайындау, ғылыми жұмыстар, білім сапасы, оқытудың әдіс-тәсілдері сияқты басқа да тақырып төңірегінде сұрақтар қаралды. Нәтижесінде ғылыми жиынның қатысушылары ҚазҰУ-дың жоғары әлеуеті мен кампусын ескеретін болсақ, бұл білім ордасы Ұлттық зерттеу университетіне айналауы өте нәтижелі болмақ деген пайымға келді. Сондай-ақ, конференция жұмысы қара шаңырақтың материалдық-техникалық жағдайын арттырып, халықаралық байланысты нығайтуға тағы бір жаңа серпін берді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі