ҚазҰУ-ға «Аl Hilal» Ислам банкінің өкілдері келіп қайтты
14 қаңтарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінде исламдық қаржыландыру жөнінде оқытушылар мен студенттерге арналған семинар өтті. Семинарды дүние жүзіне танымал исламдық қаржыландыру мәселелері жөніндегі маманы, Бахрейн Әмірлігі, Пәкістан, Малайзия, Кувейт және басқа да елдердің ислам банктері мен мекемелерінен құрылған шариғат кеңесінің мүшесі Шейх Эсам М. Исхак жүргізді. Қазақстан Республикасы Агенттігінің арнайы шақыруымен Шейх Эсам М. Исхак мырза Алматы қаласын аймақтық қаржыландыру орталығы етіп құру мәселесін талқылау мақсатында келген еді. Осымен ол Қазақстанға үшінші мәрте келіп, ҚазҰУ-да семинарды екінші мәрте ұйымдастырып отыр.
«Аl Hilal» Ислам Банкі» АҚ – Қазақстан мен ТМД елдерінің кеңістігіндегі ең алғашқы және жалғыз жекеменшік Ислам Банкі. 2010 жылдың қаңтар айында тіркеліп, 17 наурызда банк лицензиясын алған. Ол Аl Hilal банктің еншілес құрылымы бола отырып, Абу-Даби қаласы мен Біріккен Араб Әмірлігінің үкіметіне тәуелді. Басты мақсаты ТМД елдерінде исламдық банкингтің тәжірибесін кеңінен тарату және Қазақстанның дамуына үлес қосу болып табылады.
Бас қосуда банк өкілдері жиналған қауымды банк қызметінің түрі және құрылымымен таныстырды.
Семинарға ҚазҰУ және Алматы қаласының басқа да жоо-дан келген студенттер мен оқытушылар қатысты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі