Scopus Award марапатының иегерлері
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың постдокторанттары Elsevier баспасы құрған Scopus Award Kazakhstan - 2019 марапатына ие болды.
Жыл сайын бұл сыйлық Scopus халықаралық деректер базасынан алынған мәліметтер негізінде, ең көп мақала жариялайтын және дәйексөзге сілтеме келтіретін ғалымдарға беріледі.
Биылғы жылы «Best Paper of the Year» номинациясына Қазақстан мен Ұлыбритания ғалымдары тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың картография және геоинформатика кафедрасының доценті Көшім Әсима Ғалымжанқызы ие болды.
Биология және биотехнология факультетінің деканы, профессор Заядан Болатхан Қазыханұлы «Top Researcher in Engineering and Technologies» номинациясында жеңімпаз атанды, сонымен қатар, бизнес технологиялар кафедрасының меңгерушісі, профессор Зиядин Саябек Тәттібекұлы «Top Researcher in Social Sciences» номинациясын иеленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ постдокторанттары жарияланым белсенділігі бойынша жоғары көрсеткіштер көрсетуде. Биыл физика-техникалық факультетінің постдокторанты Молдабеков Жандос Әбдіқанұлы «Young Researcher of the Year» номинациясы бойынша, ал химия және химиялық технология факультетінің постдокторанты Керимрай Айымгүл Мергенқызы «Women in Science Award» номинациясы бойынша марапатталды.
Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Eurasian Chemico-Technological Journal» журналы Scopus Award сыйлығын алды.
Осылайша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Scopus Award Kazakhstan-2019 марапаттау рәсімінде алты номинация бойынша жеңімпаз атанды. Жоғары рейтингті журналдарда ғылыми еңбектерді жариялау бойынша іске асырылып жатқан саясат, ғылыми басылымдардың квартильдер негізінде мақалаларға сыйақы беру, шетелдік ғалымдармен ынтымақтастықты арттыру, постдокторантура институтын енгізу және басқа да шаралар халықаралық деректер базасында жарияланымдық белсенділік пен дәйексөзге сілтеме келтірудің жоғары көрсеткіштерінің кепілі болды.