Қысқы мектеп

11 ақпан, 2020

Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы биылғы қысқы мектеп кезінде Токио университетінен келген қонақтарды қарсы алып, кең ауқымды бағдарламалар мен семинарлар ұйымдастырды.

Қысқы мектепке арнайы келген делегация құрамында Токио университетінің (The University of Tokyo) профессоры Тономура Масару және профессор Окада Теруэ басқарған бір топ магистранттар мен докторанттар бар. Студенттер арасында өткізілген «Multiculturalism in Japan» атты ғылыми семинар өте мазмұнды болды. Жапон студенттерінің ғылыми ізденістерімен таныстыруы үлкен қызығушылық туғызды. Толыққанды талқылау барысында екі тарап жан-жақты пікір алмасты.

Қиыр Шығыс кафедрасы жапонтану және кәрістану бөлімінен тұратындықтан, бұл екі бағыттың дамуына қатты көңіл бөледі. Профессор Тономура кәріс халқының тілі, мәдениет ерекшеліктерін зерттеуге ұзақ жылдарын арнаған. Қазіргі кезде ол Жапонияда тұратын корейлерді зерттеумен айналысады. Ол кәріс және жапон тілдерін жетік біледі, сондықтан ол студенттермен және кафедраның оқытушы құрамымен екі тілде пікір алмасты.

Шара соңында делегация құрамы ҚазҰУ кампусымен танысып, «Корё ильбо» редакциясы, Қазақстан Корейлері қауымдастығы және басқа да мекемелерде болды.