Мақсатымыз – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау
Әлеуметтік желілердегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ешқандай қатысы жоқ «KazNU» деген қысқартылған атаумен тіркелген аккаунтта алдағы қашықтан өткізу форматы бойынша жоспарланған емтихан сессиясын болдырмауды талап еткен үндеу пайда болды. Осы мәселеге орай университет ҚазҰУ-дың атауын заңсыз пайдаланған тұлғаларға шара қолдану жөнінде құқық қорғау органдарына өтініш жасады.
Төтенше жағдай кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігі беретін ресми, оның ішінде емтиханды қашықтан өткізу тәртібі туралы ақпаратты ғана қолдану қажеттігіне назар аударамыз. Білім беру үдерісіне байланысты барлық мәселелер сындарлы түрде және ЖОО-лардың академиялық саясаты аясында шешілуі тиіс.
Біздің міндетіміз – сапалы білім беру және жоғары біліктілікке ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. ҚазҰУ-да құрылған заманауи IT-инфрақұрылым және университеттің жасап шығарған «Univer» жүйесі жедел түрде, ешқандай қиындықсыз, сабақ кестесін өзгертпей-ақ қашықтан оқуға көшуге мүмкіндік туғызды. Оқу үдерісі «Microsoft teams», «Zoom», «Google meet» т.б. сияқты платформалар арқылы жүзеге асырылуда. ҚазҰУ-да жасалған moocs.kz. цифрлы білім беру ресурсы ерекше сұранысқа ие.
Мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес келесі курсқа өту, сондай-ақ диплом алу үшін қорытынды аттестациядан өту керек, яғни емтиханды тапсыру және диплом (диссертация) жұмысын қорғау қажет. Мұны уақытында іске асыру үшін карантин жағдайында ағымдағы емтихан сессиясы қашықтан өткізіледі. Студенттер емтиханды жазбаша, ауызша, тест немесе жоба түрінде тапсыра алады. Сессияның мерзімі және емтихандарды тапсыру уақыты елеулі түрде ұзартылған, бұл барынша толыққанды дайындалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жақсы оқу үлгерімі үшін студенттерге қосымша балл қою жағы да қарастырылған. Сонымен бірге, кейбір бейінді емес жеке пәндерден аралық бақылаулардың арифметикалық ортақ балын қою мүмкіндігі де қарастырылған. ҚазҰУ қабылдаған шаралар кешені студенттерге кейінге қалдырмай барлық емтиханды уақытында тапсыруға, келесі курсқа табысты өтуге, диплом алып, жұмысқа орналасуға, магистратура мен докторантурада оқуларын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кейбір студенттерде қашықтан оқыту технологияларына қолжеткізу қиындықтары туындауда екендігін түсіне отырып, олардың берген өтініші бойынша емтихан кейінге қалдырылады. Карантин режимі тоқтатылғаннан кейін олар университетке келіп, емтиханды аудиторияда тапсыра алады.
ҚазҰУ студенттері емтихан сессиясын өткізу туралы толық ақпаратты ағымдағы жылдың 24 сәуірінде сағат 15.00-де университеттің Instagram-дағы ресми аккаунтында (https://www.instagram.com/KAZNU_FARABI/) оқу ісі жөніндегі проректордың онлайн-түсіндіруі барысында ала алады.
Қазақстанның барлық студенттеріне үн қатамыз.
Қазақстанның барлық студенттеріне үн қатамыз! Карантиннің күрделі кезеңінде бүкіл ел қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен кезде, қазіргі заманауи технологияларды пайдаланудың жаңа оң тәжірибесін пайдаланып, жағдайға саналы түрде қарап, жауапкершілік таныту қажет. Оларды белсенді қолдану болашақта білім берудің сапалы жоғары деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.