ХАМАД БИН ХАЛИФА АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛДЕРІМЕН РЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Кездесуге Хамад бин Халифа университетінің президенті Ахмад М. Хасна, Ислам экономика және қаржы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Саид Назим, Исламтану колледжінің директоры Эмад Эль-Дин Шахин және ҚазҰУ ғылыми орталықтары мен факультет басшылары қатысты.
«Бүгінде ҚазҰУ исламдық қаржыландырудың дамуына қызығушылық білдіріп, үлкен мән беруде. Маңызды зерттеу әлеуеті мен халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибеге ие, қаржы және экономика саласында жоғары білікті мамандар дайындайтын ЖОО ретінде Хамад бин Халифа университетімен стратегиялық серіктестігіміз дами бермек» деген ҚазҰУ ректоры университетпен ынтымақтастыққа аса көңіл бөліп отырғандығы үшін делегация құрамына зор алғыс білдірді.
Өзі басқарып отырған мекеменің қызметімен толық таныстырған Хамад бин Халифа атындағы университеттің президенті Ахмад Хасна «ҚазҰУ совет заманынан бері келе жатқан Қазақстандағы және Орталық Азиядағы басты университет екені мәлім. Сол себепті екі университет арасындағы байланыстардың бірі ретінде алдағы уақытта PhD доктаранттар мен магистранттарды Хамад бин Халифа университетінде оқытуды мақсат етіп отырмыз. Бұл мамандардың іс-тәжірибесін жетілдіріп жан-жақты дамуына үлкен себепші болады. Және ҚазҰУ қалашығын аралау барысында ғылыми орталықтарыңыздың мүмкіндігінің зор екенін көрдім. Жалпы университет жоғары сатыда дамып келеді»,- деді президент.
Кездесуге Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, э.ғ.д., профессор м.а. Сагиева Римма Қалымбекқызы мен «Қаржы» кафедрасының оқытушысы Қуанова Лаура Айболқызы да қатысты. Лаура Айболқызы Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың дамуы жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар білім-ғылым саласындағы қарым-қатынастарды дамытып, Исламдық қаржыландыру, IT технология, академиялық ұтқырлық, ғылыми-зерттеу, тренингтер, бірлескен қос бағдарламаларды жүзеге асыру бағыттарын кеңінен талқыға салып, исламдық банкинг пен қаржыландыруды дамытудағы әріптестік мәселесіне баса назар аударды.