2020 жылдың 23 қазанында шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының 2 курс студенттерінің қатысуымен онлайн форматта «Шин сэдэ» үйірмесінің аясында «Ғылыми зерттеулер әдістемесі: ғылыми жобалар дайындау және ғылыми мақала жазу тәжірибесі» тақырыбындағы эдвайзер сағаты өткізілді.
Бұл іс-шараға Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары, PhD докторлар Ли Бенг Джо, Г.Қ.Шатекова, Ж.Б.Тоқтарова шақырылып, өздерінің ғылыми жұмыспен айналысу тәжірибелерімен бөлісті. Профессор Ли Бенг Джо – тәжірибелі ғалым, біраз жылдан бері ғылыми жобалармен айналысып келеді. Ол студенттерге өзі айналысып жүрген ғылыми жобалар туралы кең мағлұмат беріп, жобаға қатысушы ғалымдардың алдарына қойған мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін қалай еңбектенетіндіктері туралы әңгімелеп, өзі қатысқан жобаларының нәтижелерімен студенттерді таныстырды.
Г.Қ.Шатекова біздің кафедрамыздың аға оқытушысы, биыл Корея Республикасы Білім Министрлігінің GKS бағдарламасы бойынша докторантураны тәмәмдап, PhD ғылыми атағын алып, өз университетіне қайта оралған маман. Ж.Б.Тоқтарова да жоғарыда аталған GKS бағдарламасы бойынша докторантурада білім алып, докторлық диссертациясын қорғап келген оқытушы. Кездесу барысында Гүлнұр Құрмансейітқызы мен Жансая Бауржанқызы студенттерге зерттеу әдіснамасы, зерттеу түрлері, зерттеу жүргізудің мән-мағынасы, мәселені зерттеу дегеннің не екендігі туралы, мақала жазудың әдіс-тәсілдері, ғылыми мақала жазар алдындағы материалды іріктеу, зерттеу дизайны туралы, өлшеу және масштабтау әдістері, мәліметтерді жинау әдістері, мәліметтерді талдау әдістері мен болжам жасау тәсілдері туралы еңжей-теңжейлі түсіндірді. Олар студенттерге ғылыми мақала жазудың қыр-сырын қызықты түрде баяндап беріп, Кореяда білім алудың артықшылықтары мен қиыншылықтары туралы толық әңгімелеп берді.
Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге деген қызығушылығын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған ақпараттық-танымдық кездесудің соңы студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берумен аяқталды.