Студенттер - біздің мақтанышымыз

9 қараша, 2020

Қазақ ұлттық университетінде оқитын студенттердің ішінде болашағынан зор үміт күттіретін, дарынды, талантты студенттер аз емес. Солардың бірі шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының былтырғы түлегі Онланова Жанель.

Жанель Қарағанды облысында дүниеге келген. Оның шет тілдеріне деген қызығушылығы орта мектептен басталады. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде әрдайым орыс, ағылшын тілдерінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Оныншы сынып оқып жүргенде болашақта кім болам деген сұрақ туындайды, сонда көп ойланбай аудармашы болам деп өзіне биік мақсат қоя білді. Сол кезден бастап шет тілдеріне, оның ішінде қытай тіліне деген қызығушылығы арта түседі. Орта мектепті бітіре салысымен Қытайда оқимын деген ниеті болғанмен, отбасылық жағдайларға байланысты ол елге барып оқуына мүмкіндік болмайды. Сол себепті оның таңдауы қытай тілін оқытатын бірден бір негізгі оқу орны саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, шығыстану факультетіне түседі.

Оқуға түскен жылдан бастап қытай тілінде шығарма жазу, каллиграфия, өлең жарыстары және т.б. көптеген жарыстарға, конкурстарға қатысып, белсенділік танытты. 2018 жылы Алматы қаласы бойынша ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты ұйымдастырған "Қытай тілі көпірі" сайысында жүлделі 1-орынға ие болды. Осының арқасында Пекин қаласындағы Пекин тілдер және мәдениет университетіне бір жылдық қытай тілі курстарына оқуға мүмкіндік ұтып алады. Ол Пекин қаласындағы "ҚХР-да оқитын қазақ студенттері ассоциациясының" мүшесі. Сонымен қоса, 2019 жылы Алматы қаласында өткен «Абай оқулары» сайысының жүлдегері атанса, 2020 жылдың ақпан айында республикалық «Аударма ісі» мамандығы бойынша өткен олимпиаданың 2-орын иегері болды.

2020 жылы өткен "Қытай тілі көпірі" сайысынан Қазақстан бойынша бірінші орын алып, жарыстың халықаралық деңгейінде Қазақстан студенттерінің атынан додаға қатысты. Аталмыш сайыста әлем бойынша 3 орынды иемденіп, әлемдегі 30 мықты сайыскерлер қатарына еніп, «Азия континентіндегі 6 мықты сайыскер» атағына ие болды. 2020 жылы Пекин университеті магистратурасының "Халықаралық саясат" мамандығы бойынша грантына қол жеткізді.

Табанды оқудың арқасында Жанель өз болашағына даңғыл жол сала білді. Оның болашағы зор, келешегі кемел болары даусыз. Біз осындай студенттерімізді мақтан тұтамыз.