«Абу Наср әл-Фарабидің ислам өркениетіне қосқан үлесі»
2020 жылдың 18 қарашасында Алматы уақытымен 16:00-де «Абу Наср әл-Фарабидің ислам өркениетіне қосқан үлесі» тақырыбында онлайн-конференция өтеді. Бұл ғылыми іс-шараға Дамаск (Сирия Араб Республикасы) университетінің және ислам философиясы мен ғылымының, араб тілі мен фарабитану саласындағы жетекші ғалымдары қатысады. Конференция ұлы ойшыл, энциклопедист, музыка теоретигі және Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мәдени және ғылыми іс-шаралар аясында ұйымдастырылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Мұтанов Ғалымқаир Мұтанұлына, сондай-ақ, Дамаск университетінің президенті, доктор Мухаммад Ясар Абидинге ашылу сөзі беріледі.
Заманауи фарабитанудың араб және қазақ тілдеріндегі іргелі мәселелері бойынша Қазақ ұлттық университеті, шығыстану факультетінің деканы, PhD докторы, шығыстанушы Палтөре Ықтияр Молдатореұлы, Дамаск университетінің филология және ғылым факультетінің деканы, PhD доктор Усама Каддур, Дамаск қалалық мэрі атқару комитетінің өкілі Фейсал Сурур, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы (2011) Самир Дерек, «КазРестав» РМК бас директоры Тұяқбаев Қанат Қымызұлы өзекті баяндамаларын ұсынады.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен салынған Шығыстың ұлы философы әл-Фарабидің қабірі орналасқан әл-Фараби тарихи-мәдени орталығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Дамаскіде Қазақстанның тарихи-мәдени орталығы негізінде ҚазҰУ-дың филиалын ашу мәселелері де қарастырылатын болады.