Египетпен ынтымақтастық кеңейеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Ехия Эль Шиннави бастаған Мысыр Араб Республикасының делегациясымен кездесу өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев екі ел арасындағы ынтымақтастық – экономика, ғылым, білім, мәдениет және басқа да салалардың дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Египет университеттерімен тығыз байланыс орнатуға және жаңадан келетін студенттерді қабылдауға дайын екенін жеткізді. Мысыр Араб Республикасының Каир университетінде Әл-Фараби ғылыми-білім беру орталығының ашылғанына ризашылық білдірді. Мамандарды бірлесіп даярлау, академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру, оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша әріптестікті жалғастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, бірлескен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарды өткізу және қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар жасалды.
Университет жайлы өз әсерімен бөліскен Елші Манал Ехия Эль Шиннави ҚазҰУ басшылығының жылы қабылдауына алғыс білдіріп, өзара әрекеттестіктің зор әлеуетіне ерекше тоқталып өтті.
1991 жылы Араб мемлекеттерінің ішінде Мысыр алғашқы болып Қазақстан тәуелсіздігін мойындады. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жемісі ретінде 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды.
Манал Ехия Эль Шиннави Мысыр Араб Республикасы басшылығы білікті кадрлар даярлауға мүдделі екендігін айта отырып, талапты жастарды әлемнің үздік университеттеріне жіберетінін айтты. Солардың қатарында Орталық Азия елдері арасынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар екенін жеткізді.
Елші Қазақстандағы ең үздік ЖОО-мен әріптестікке қызығушылық танытып, 2009 жылы университет пен ҚР-дағы Египет Елшілігі арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды жаңартуды ұсынды. Сонымен қатар ЖОО басшылығының ғылым, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды кеңейту жөніндегі ұсыныстарын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі