ҚазҰУ кітапханасы 246 өте құнды сирек кітаппен толықты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасы қорына белгілі ғалым Бақытжан Дүйсенбеков ғылыми-әдеби мазмұны бай, мағынасы терең, сирек кездесетін көне кітаптарды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бұл рухани мұраның ерекше құндылығына тоқталып, «Бақытжан Әлішерұлы бүгін бізге үлкен миссиямен келіп, ата-бабасынан қалған және өзінің зерттеушілік қабілетімен өмір бойы жинаған әдебиет, дін, тарих, тіл, география салаларын қамтыған жинақтарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасына арнайы тапсырып отыр. Өте сирек кездесетін жәдігерлер араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған, көне ғасырлардан бүгінгі дәуір аралығын қамтиды.
Бұл еңбектердің арасында Орта Азия ғана емес, ерте кездерде дүниежүзінде жарық көрген құнды кітаптардың үлгілері бар. Біз бұл рухани қазынаны кітапханамызға қабылдап қана қоймай, шығыстанушы, лингвист, тарихшы ғалымдарымыздан жұмыс тобын құрып, арнайы сараптама жасап, оларды сұрыптап, тақырыптық бағыттарына байланысты салаларға бөліп, нақты зерттеулер жүргізетін боламыз. Бұл кітаптарды зерделеу барысында олардың мазмұнын жеке-жеке талдап, астарына үңіліп, рухани, ғылыми құндылығына бағасын беретін боламыз», – деді.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев Бақытжан Әлішерұлына Әл-Фараби кітапханасына тапсырған құнды кітаптары үшін оқу орны ұжымының атынан алғыс айтып, ел ішінде, жеке отбасылық қорда жатқан бабалар мұрасын кітапхана, мұражайларға тапсырудың ізгі дәстүрге айналдыруды құп алатынын жеткізді. Бұл кейінгі жас ұрпақтың ұлттық таным-түсінігі мен ой-санасын дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.
Бақытжан Әлішерұлының сөзіне сүйенсек, университетке тапсырылған 300-ге жуық кітап атасы Дүйсенбек Қабыланбайұлы ақсақалдың жинаған мұралары екен.
Дүйсенбек Қабыланбайұлы жинаған кітаптар бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені кейбір кітаптар өзге адамдарға, туыстарға сыйға беріліп кеткен көрінеді.
Университет кітапханасына тапсырылған кітаптардың ішінде 1324 жылы Мысыр баспасынан шыққан Құран Кәрімнен бастап, Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қазан баспаларында басылған әдеби, тарихи, діни кітаптар бар.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының көне тарихына қатысты деректер кездесетін кітапта ХIХ ғасыр басындағы Ақмола уәлаятының қалыптасып, дамуы туралы баяндалған.
Ал Қазанда басылған татар тіліндегі кітапта Ақмола шаhарының географиялық орналасуы мен саяси-әлеуметтік жағдайына анықтама берілген. Сол кездегі Ақмола қазақ даласының орталығы ретінде Сібір мен Орта Азия арасына алтын көпір қызметін атқарып, мәдениеттердің алмасу орталығы болғаны баяндалады. Сондай-ақ қалада әкімшілік ғимараттары, қонақүйлер, екі үлкен базар, шағын ұстаханалар жұмыс істегені жазылыпты.
Көне кітаптарды кейінгіге мұра етіп қалдырып кеткен Дүйсенбек Қабыланбайұлы 1904 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, бұрынғы Ленин, қазіргі Тұрмағанбет Ізтілеуов атындағы ауылда туған. 1969 жылы 30 мамырда 65 жасында дүниеден өткен. Сол кезеңдегі білім ошағы саналатын Самарқанд медресесінде арабша, парсыша, қадимше білім алған. Сауатты, иманды, тақуа, білімсүйгіш адам болған. Көп жылдар бойы діни қағидаттарды кітап арқылы түсіндіріп, еліміздің руханиятын дамытуға өзіндік үлес қосқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі