Жаңа оқу жылына дайындық күшейтілді
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңес пен ректорат отырысы өтті. Университет ұжымы онлайн бас қосқан жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық шаралары қаралды.
Бұл тақырыпта алдымен ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Фатима Жақыпова баяндама жасады. Ол ҚР БҒМ тапсырмасына сәйкес, білім ордасы дәстүрлі форматта білім беруге 100% дайын болуы тиіс екенін жеткізді. Осы мақсатта университетте оқу жылына дайындық алгоритмі әзірленіп, ғимараттар мен жатақханалар санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жабдықталуда. Сонымен қатар бағдар беру апталығының бағдарламасын бекіту, жүктемені есептеу және ОПҚ штатын анықтау, аудиториялық қорды тексеру әрі кесте жасау, декандар мен кафедра меңгерушілерінің білім алушылармен онлайн кездесулері сынды ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Проректордың хабарлауынша, жаңа оқу жылында барлық оқу корпустары мен ғимараттарға кіру Ашық қосымшасы арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Университетте бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау шаралары қатаң сақталуы керек. Ғимараттарды санитайзерлер, дезинфекциялық аркалар, жылу түсіргіштер, пайдаланылған бетперделерге арналған жәшіктермен жабдықтау толықтай жүзеге асырылуда. Аудитория мен спортзалдар толымдылығы 50%-ды құрап, сабақ уақыты және үзілістер арнайы кестемен реттелмек.
Ал білім алушыларды жатақханамен қамту және жаппай екпе алу барысына әлеуметтік даму жөніндегі проректордың м.а. Әлия Масалимова тоқталды. Ол қалыпты оқу тәртібіне қайта оралу үшін жаппай екпе алудың маңыздылығына назар аудара отырып, ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарын жастар арасында жан-жақты жүргізу қажеттілігін баса айтты. Қазіргі уақытта екпе алған қызметкерлердің үлесі 70%-дан асса, ОПҚ – 50%, студенттердің үлес салмағы 30%-ды құрағанын мәлімдеді.
Баяндамада жатақханаға мұқтаж студенттер және жатақханалардағы орын саны бойынша да толық ақпарат берілді. Проректор студенттердің 80%-дан астамы тұрғын жайға мұқтаж екенін алға тартып, бұл мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылып отырғанын айтты.
Сондай-ақ жиын барысында әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі проректордың м.а. Олжас Есеналин мен Қабылдау комиссиясының төрағасы Виталий Сальников сөз алып, оқу корпустары мен жатақханалардағы жөндеу жұмыстары және қабылдау комисиясының қазіргі қызметінен хабардар етті.
Жиын соңында оқу орнының ректоры факультет басшыларына студенттерді жатақханаға орналастыру жұмыстарына жіті көңіл бөлуді және еліміздің басты мерекесі – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жоғары деңгейде дайындалуды тапсырды.