Ұстаздарға құрмет көрсетілді

1 қазан, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұстаздар күнін ерекше атап өтіп, оқу орнының оқытушы-профессорларын айтулы мерекемен құттықтады.

Ұстаздар күні Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевтың мерекелік құттықтауымен басталды. Сондай-ақ «Ұстаздарға мың алғыс» фото аймағы әзірленіп, мәртебелі мамандық иелеріне гүл шоқтары табыс етілді.

ҚазҰУ-да 2,9 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 1,2 мыңнан астамы ғылым докторы мен кандидаты және 350-і PhD доктор. Профессорлар арасында 10 академик және 7 Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар.

Қаржы және есеп кафедрасының профессоры м.а. Сария Баймұханова: «Шәкірттердің құрметі мен махабатына бөлену – әрбір ұстаз үшін ең үлкен сый. Біз бүгін мәртебеміз өсіп, бір марқайып қалдық. Ұстаздар жас ұрпақтың болашағына жол ашып, олардың тәрбиелі, білімді, көкірегі ояу болып шыңдалуы үшін аянбай тер төгеді. Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген сөзі осы ұстаздардың ерен еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін», – деген ризашылығымен бөлісті.

Ал ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Айша Бегалиева барша әріптестерін төл мерекемен құттықтай келе: «Ұстаздар күніне арналған салтанатты шаралар көңілімізді көтеріп, мерекенің мәнін арттыра түскендей. Барша ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біздің еңбектеріміз қойылған кітап көрмесі де тамаша тосынсый болды. Шәкірттеріме шаттық, шығармашылық табыс, бақыт тілеймін!» – деген ізгі ниетін жеткізді.

Оқытушылар жүздесу барысында жастармен емен-жарқын пікірлесіп, естелік суретке түсті. Студенттер гитарамен орындаған ұстаз туралы әндер көңілге қуаныш, жылу сыйлады. Ал «Парасат» кәсіподағы мереке иелеріне Kitap al кітап дүкенінің сертификаттарын сыйға тартты.

Мерекелік шара кешке студенттердің «Ұстаз – ұлт тірегі» онлайн концертіне ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі