Олимпиада чемпионы студенттермен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметовпен кездесті.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев өзінің құттықтау сөзінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ҚазҰУ түлегі Елдос Сметовті Токио төріндегі жеңісімен құттықтады. ҚазҰУ ректоры студенттер мен мұғалімдер әрқашан спортшылардың өнерін қадағалап, оларға шын жүректен қолдау көрсететінін баса айтты. Ауыр атлет Игорь Сон, еркін күрестен Нұрислам Санаевтың, паралимпиадалық ойындарда Жұмағали Нұрдәулеттің (жүзу) үздік нәтиже көрсеткенін тілге тиек ете отырып: «Спортшының әр жеңісі – ел үшін де, ҚазҰУ үшін де үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш. Бұл біздің жастар үшін жарқын үлгі», - деп атап өтті.
Университет басшысы тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекет спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударғанына да тоқталды. Бұл үшін университетте барлық жағдай жасалып, спорттық дәстүрлер қалыптасқан. Осы жылдар ішінде біздің студенттер еліміздің спорттық намысын олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында, әлемдік универсиадада, Азия және Еуропа чемпионаттарында лайықты түрде қорғап келеді. ҚазҰУ-да спорт кешені, стадион, волейбол жағажайы, студенттерге арналған жабық және ашық спорт алаңдары, теннис корты және т.б. студенттерге арналған барлық мүмкіндіктер жасақталғанын да мысалға алды.
Өз кезегінде Елдос Сметов университет басшылығына жылы қабылдауы үшін және оқытушы-ұстаздарға оқу мен жарыстар кезінде қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, өзінің альма матерде өткізген студенттік шақтарын мақтанышпен еске алды. Спортшы өзінің келешектегі жоспарлары туралы айта отырып, Парижде өтетін 2024 жылғы олимпиада ойындарына дайындалып жатқанын жеткізді. Ол сонымен қатар болашақта олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жаңа медальдарын университет қоржынына салатын ең мықты спортшылардың ҚазҰУ-дан шығатынына сенім білдірді. Ректор Жансейіт Түймебаевпен өткен кездесу барысында Елдос Сметов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Студенттермен кездесу барысында чемпион өзінің спорттық жетістіктерінің сырларымен бөлісті. Елдос Сметов спортқа бес жасында келгенін, содан бері көптеген қиындықтарға мойымай, алға ұмтылып келе жатқанын айтты.
- Спорт - үлкен еңбек, сондықтан уақытты дұрыс басқарып, бағалау қажет. Егер сіз жаттығуға немқұрайды қарасаңыз, додаға шыққан кезде кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан сіз өзіңіздің жолыңызда қандай кедергілерге кезіксеңіз де, нақты мақсаттар қойып, оған жетуіңіз қажет, – деген ойларымен бөлісті.
Әңгіме барысында студенттер өз сұрақтарын қойып, даңқты спортшыдан толық жауап алды. Олимпиада чемпионы жақын арада Оралда дзюдодан балалар арасында жарыс ұйымдастырып және демеушілік етіп жатқанын хабарлады.
Кездесу соңында университет студенттері мен профессор-оқытушылар, жаттықтырушылар құрамы олимпиада чемпионымен естелік суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі