Жаңа оқу жылында жаңа мамандықтар бойынша маман даярланады

27 тамыз, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа оқу жылында жаңадан 13 мамандық ашылды. Білім ордасына биыл білім берудің 3 сатысы бойынша 4001 жасты грантпен оқуға қабылданды.

Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында қарай бағыт алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға биыл талапкерлерді қабылдау сапасы айтарлықтай артқан. Тамыздың 23-і күнгі мәлімет бойынша білім берудің 3 сатысы бойынша бакалавриат, магистратура және PhD докторантураға 4001 адам білім беру грантымен оқуға қабылданған. Бұдан бөлек 871 Алтын белгі иегерлері, халықаралық, республикалық және әл-Фараби олимпиадаларының жеңімпаздары бар. Ал ақылы бөлімге қабылданудағы ең төменгі балл тарих және географиядан басқа факультеттерде 70-ті құрап отыр.

«Жаңа оқу жылы бакалавриатта - 3, магистратурада - 4, докторантурада - 6 мамандық ашылды. Атап айтқанда, бакалавриатта - дизайн, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, логистика. Магистратурада - есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, мұнайхимиясы, геоэкология және табиғатты падалануды басқару. Докторантурада - қаржы, есептеу техгникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, информатика, есептеу техникасы және басқару, педагогика және психология, туризм, логистика. Сондай-ақ жаңадан тағы 17 мамандықты ашуға құжаттар берілді», - дейді әл-Фраби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Гүлнәр Балақаева.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақылы негізде білім алғысы келетін студенттер мен магистранттардың төлем ақысына арнайы жеңілдік пен төмендетудің кеңейтілген жаңа жүйесін енгізіліп отыр. Мәселен, ақылы бөлімдегі үздік оқитындарға - 20 пайыз, ал үлгерімі жақсы студенттерге 15 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Магистратураның ақылы бөліміне тапсырған талапкердің үздік дипломы болса, 20 пайыз жеңілдік беріледі, ал оқу ақысын бірден толық төлеген жағдайда қосымша 5-10 пайыз жеңілдік жасалады. Сондай-ақ жетім және мүгедек балалар мен ата-анасыз мүгедектерге оқу ақысын төлеуде 25 пайыз жеңілдік қарастырылған.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі