Дінтанудағы заманауи мәселелер алаңы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философия ғылымының докторы, профессор Мұханмадияр Орынбековтің 75 жылдығы және Халықаралық толеранттылық күніне арналған «Дінтанудағы қазіргі заман тенденциялары. Постнормальды кезең мәселелері: антропологиялық дискурс» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Айтулы шараны білім ордасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-мен бірлесе ұйымдастырып отыр. Оған отандық және шетелдік белгілі оқытушы-профессорлар, ғалымның жақындары мен білім алушы жастар қатысуда.
Ғылыми басқосу ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзімен ашылды. Хатта Мұханмадияр Серікбекұлының ғылым жолындағы еңбегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты екені айтылып, ғалымның қазақ философиясы мен дүниетанымына қосқан сүбелі үлесі атап өтілді.
Жиында сөз алған ғалымның інісі, ҚР Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков ұйымдастырушыларға отбасы атынан ерекше ризашылығын жеткізді. Өз сөзінде өнегелі ғұмыр иесінің өмір жолынан мол мағлұмат беріп, кеңес заманындағы қиындықтарға қарамастан, білім мен ғылымға, ізденіске деген құштарлығын үлгі етті. Оның 1986 жылы Алматыда жарық көрген «Ежелгі қазақтың дүниетанымы», «Абайдың философиялық көзқарастары» монографияларын тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттер диалогын одан әрі сақтаудың өзекті мәселелерін қамтыған конференция жұмысына тың ұсыныстар мен сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Кенжеәлі Мырзабаев баяндама оқып, соңғы жылдардағы мүфтият қызметіне және ғалым көтерген мәселелердің діни өзектілігіне кеңінен тоқталды.
Пленарлық отырыс барысында Қалмақ мемлекеттік университеті (Ресей) Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Валерий Бадмаев, ҚазҰУ профессорлары – Мұрат Сәбит, Нағима Бәйтенова, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ профессоры Аманжол Қасабекұлы, Қожа Ахмет Ясауи университеті теология факультетінің деканы Кенжетай Тұрсынбайұлы және өзге де сала мамандары, ғалымның қызметтес достары, шәкірттері сөз сөйлеп, Мұханмадияр Орынбековтің адамгершілік-азаматтық қасиеттері, философиялық шығармашылығы жайлы ой-пікір, естеліктерімен бөлісті.
Конференция жұмысы «Зайырлы мемлекеттегі дін және дінтану», «Постнормальды кезең және алдағы перспективаларды дін призмасы арқылы саралау», «Қазіргі әлемдегі конфессияаралық және мәдениетаралық диалог», «Толеранттылық мәдениеті», «Уақыт пен кеңістік аясындағы антропологиялық дискурс», «Кемел адам концепті» бағыттары бойынша секциялық отырыстарға жалғасты. Онда қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері контекстінде дінтанулық, исламтанулық ғылым мен білім берудің әдіснамалық және практикалық мәселелері талданбақ. Сонымен қатар Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар, дінтанудың қазіргі тенденциялары, постнормальды кезеңнің ерекшеліктері, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі, толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, мәдениетаралық коммуникация және қазіргі әлемдегі адам капиталының рөлі мәселелерін қарастыру жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі