Академик К.Байпақовтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды
Алматыда археолог-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері Карл Молдахметұлы Байпақовтың құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Салтанатты шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері қатысты.
Айтулы шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Балтабаева сөз алып, ғалымның ерен еңбегін атап өтті.
«Карл Байпақов бар ғылыми шыңдарды бағындырды, археологиялық ескерткіштерге аса бай Қазақстан аумағының үшінші бөлігін егжей-тегжейлі зерттеу арқылы Еуразия жүрегіндегі орасан зор олқылықтың орнын жапты. Осындай дарынды ғалым және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұлағатты ұстазының есімінсіз республиканың ғылыми элитасын елестету мүмкін емес», – дей келе, Күлғазира Нұранқызы ғалым зерттеуінің тарихи маңызына тоқталды. Сонымен қатар қоғамда Карл Молдахметұлының ғылыми еңбектерін қайта басып шығаруға үлкен қажеттілік бар екенін алға тартты.
Сондай-ақ жиында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, көрнекті ғалымның Қазақстанның тарих ғылымы мен археологиясының дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы әңгімеледі.
Карл Байпақов ортағасырлық археология саласындағы ірі маман ретінде Отырар, Құйрықтөбе қалашығы, Қостөбе қорымы, Қойлық қалашығындағы будда храмы және басқа да ескерткіштерге терең зерттеулер жүргізді. Қазақстанның ежелгі тарихының деректік базасын кеңейтіп, байыта түсті. Ол – 50-ден астам монография, жоғары оқу орындарына арналған Қазақстан археологиясы бойынша алты оқу құралы, 15 альбом және 500-ден астам ғылыми мақаланың авторы.
Ұлы ғалымға арналған мемориалдық тақта 1992-2018 жылдары ғалымның өзі тұрған Алматы қаласындағы Назарбаев даңғылы 247А үйдің қабырғасына орнатылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі