Оксфорд университеті профессоры Александр Моррисон әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білімгерлеріне арнайы дәріс оқыды

26 қараша, 2021

 

2021 жылы 26 қарашада Тарих факультеті Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен Zoom платформасы арқылы онлайн режимде Оксфорд университетінің профессоры, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің тарихы бойынша белгілі маман, империализм мен отаршылдық төңірегіндегі мәселелерді зерттеуші ғалым Александр Моррисон әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары мен білімгерлеріне арнап «Орталық Азиядағы британ және орыс отаршылдығын салыстырмалы талдау» атты тақырыпта арнайы дәріс оқыды.

Профессор А. Моррисон дәріс барысында Британ империясының Оңтүстік Азияда және Ресей империясының Орталық Азияда жүргізген отарлық саясатына кеңінен талдау жасап, британ және орыс отаршылдығының ерекшеліктерін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстырмалы түрде саралады. Екі империяның отарлық саясатының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын жан-жақты сипаттап, ашып көрсетті.

Арнайы дәріске шетелдік ғалымдардан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің арнайы шақыруы бойынша кафедрамызға дәріс оқуға келген Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясының Өзекті тарих және медиа зертханасының жетекші ғылыми қызметкері (РАНХиГС, Мәскеу), тарих ғылымдарының докторы, Магнитогорск университетінің профессоры М.Н. Потемкина мен болгар ғалымы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Николай Вуков та қатысты. Аталмыш дәріс әл-Фараби университетінің оқытушылары, білім алушыларымен қатар,  шетелдік ғалымдардың да зор қызығушылығын тудырғанын байқауға болады. Дәрістен кейін қатысушылар тақырыпқа қатысты көптеген маңызды сұрақтар қойды. А. Моррисон қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, жекелеген мәселелер бойынша қызықты деректер мен фактілерді келтірді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттарынан бөлек бұл дәріске аталған тақырыпқа қызығатын зерттеушілер де қатысып, талқылауға белсенді түрде араласты. Дәріс соңында қатысушылар профессор Александр Моррисонға мазмұнды мағлұматтар мен тұжырымдарға толы дәріс оқығаны үшін ризашылықтарын білдірді. Жалпы профессор Александр Моррисонмен болған онлайн дәріс пен кездесу аса жоғарғы деңгейде қызықты әрі мағыналы болды.