Студенттер Мажарстан тарихымен таныса алады

29 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Будапешт қаласындағы Парламент үйінің қалыптасу тарихына арналған көрме ашылды. Шараға Мажарстанның Алматыдағы бас консулы Ференц Блауман, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.


Жиынның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Университет басшысы Будапешт Парламенті – Мажарстанның ерекше символы және Дунай өзені жағалауындағы тарихи орын екеніне басымдық береді. Құттықтау хатта: «Қазақстан мен Мажарстан арасын саяси және экономикалық қарым-қатынастардан бөлек, тарихи оқиғалар да байланыстырады. Бұл бағытта бүгінде екі ел ғалымдары ортақ тарихты зерделеу үшін бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізуде», – делінген.

Өз кезегінде Ференц Блауман әлемге танымал Будапешт қаласындағы Парламент үйінің тарихы мен ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Мәселен, Парламент үйі Мажарстандағы ең үлкен ғимарат болып саналады. Онда 691 бөлме, 29 баспалдақ бар. Нысан ішінде мүсіндер мен көздің жауын алатын түрлі картиналар қойылған.

Көрмеде арнайы қойылған кітаптар мен фотосуреттер университет студенттеріне Мажарстан мемлекеті туралы көп мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылған көрме 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

 

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі