Робототехника – технологиялық серпілістің басым бағыты

28 қаңтар, 2022

Бүгінгі төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде білім беру бағдарламалары үнемі өзгерістерге бейім болу мен жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға бағытталуы тиіс. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу үдерісіне енгізген жаңа білім беру бағдарламаларының бірі – «Робототехникалық жүйелер».

Робототехника – елімізде қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Экономика салаларын цифрландыру» бағытындағы инновациялық цифрлық технологиялардың бірі.

«Робототехникалық жүйелер» мамандығы механика, ақпараттық жүйелер және электроника салаларының пәнаралық мамандығы болып табылады. Білім беру бағдарламасы қолданбалы бағытқа ие және осы саладағы зерттеулерді іс жүзінде пайдалануға бағытталған.

Білім ордасының механика-математика факультеті Механика кафедрасында оқытылып жатқан бұл бағдарламаны әзірлеу барысында шетелдік серіктестер – Лоуренс, Бриджпорт (АҚШ), Ғылым және технология (Польша), Берлин (Германия), Сорбонна (Франция) және басқа да жоғары оқу орындарының озық тәжірибесі зерделеніп, жұмыс берушілердің сұраныстары мен пікірлері басшылыққа алынған. Оқу жоспарына ERASMUS+ Еуропалық одақтың Еуропалық бағдарламасы шеңберінде орындалатын APPLE халықаралық жобасына сәйкес пәндер де енгізіліп отыр.

Нәтижесінде білім алушылар роботтарды жобалау және оларды басқарумен қатар, сандық инжиниринг саласы, оның ішінде геометриялық 3D модельдеу (CAD), инженерлік есептеулер мен талдауды автоматтандыру (CAE), өндірісті технологиялық дайындау және технологиялық үдерістерді жобалау (CAM, CAPP), өнім туралы деректерді сақтау және басқару жүйелері (PDM) және 3D-принтингі бар аддитивті технология туралы білім алып, жаһандық технология нарығында бәсекеге қабілетті маман болып шығады.

Кафедраның «Мехатроника және робототехника» оқу-зерттеу зертханасы заманауи құрылғылар, атап айтқанда, KazBot андроид роботтары, UR-10 өнеркәсіптік роботы, фрезерлік және лазерлік станоктар, 3D-принтермен жабдықталған.

Сондай-ақ білім алушылар отандық жеңіл автомобильдер өндіретін Hyundai Trans Kazakhstan зауыты, «АлматыЭнергоСервис» ЖШС, «Даму» индустриялық аймағы ауданында орналасқан эксперименталды-өндірістік база, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты, «Цифрлық технологиялар және робототехника» ғылыми білім-беру орталығы, жобалау-конструкторлық мекемелері, 3D-принтинг зертханалары, білім беру робототехникасы үйірмелерінен өндірістік тәжірибеден өтеді.

Бағдарлама студенттері ғалымдар жетекшілігімен Қазақстанда алғаш рет InMoov андроид роботының негізінде «Фараби» робот-гуманоидын және әлеуметтік «Ai-Gerim» роботын жасап шығарды. «Ai-Gerim» роботы Халықаралық The 3rd Silk Road Robotics Innovation Competition конкурсының дипломымен марапатталды. Сонымен қатар «Робототехникалық жүйелер» мамандығының студенттерінен құралған «TechnoRIM» командасы биыл университетаралық ETU Robocon ІІ республикалық чемпионатына қатысып, жүлделі III орынды жеңіп алды. 

Қазіргі уақытта технологиялық үрдістерден бөлек, тұрмыстық тіршілікті де автоматтандыру және роботтандыру негізгі трендке айналды. Ел экономикасында робототехника бойынша кәсіби білімі, іскерлігі мен дағдылары бар мамандар тапшылығы байқалады. Сондықтан бұл мамандық түлектері ел экономикасының барлық салаларында үлкен сұранысқа ие. ҚазҰУ-да даярланған мамандар болашақта еліміздің робот жасау, білім беру робототехникасы сфералары мен инженерия саласын дамытуға және елімізде цифрландыру деңгейін көтеруге үлкен үлес қосары сөзсіз.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі