Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары

30 қаңтар, 2022

 

ЖАСТАРДЫҢ МҮДДЕСІНЕ НАҚТЫ ЗЕРТТЕУ КЕРЕК

 

«Хабар» және «Хабар 24» телеарналарынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың эксклюзивті сұхбаты көрсетілді.

Президент қоғамды алаңдатқан «қасіретті қаңтар» оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы сауалдарға жауап берді.

Азғана уақытта халықты алаңдатқан көкейкесті мәселелерге нақты жауап беріліп, жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары жалғаса береді деген тұжырым жасалды.

Жастар саясаты мен тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек.

Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық мамандықты игеруге тек шетелге ғана бейімдемей, Ресей мемлекетіне де бағыттаған жөн» деді. «Мен ешқашан бұқарадан алыс болған емеспін. Өздеріңізге мәлім, біраз жылдан бері твиттер желісі арқылы өз ойларымды бөлісіп келемін. Сенат төрағасы қызметін атқарған кезімде де ел ішіне шығатынмын. Сондықтан өңірлерге шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысу жоспарда тұр», – деген тұжырым жасады.

 

Г. ЖАНҒҰЛОВА,

Картография және геоинформатика

кафедрасының аға оқытушысы   

 

 

 

ЖАҢА ФОРМУЛА: САЯСАТ = ЭКОНОМИКА

 

«Нарықтық экономика»,  «саясат» деген түсінік бар. Бірақ біздің қоғам күні кешеге дейін осылардың бір-біріне қатысы жоқ бөлек құбылыс сияқты қарап келгені анық. Экономика өз алдына, саясат пен қоғам деген мәселе жеке қаралды. Бұл да бір өткен тарих. «Қаңтар оқиғасы» көп жағдайда мәселеге  жаңа қырынан немесе бажайлап мән беруді қажет еткені рас.

Алдымызда парадигмалық өзгеріс тұр. Саясат пен экономиканы тең қарау. Енді осы бір формуланың түбіне үңіліп көрелік.

Нарықтық экономика дегеніміз – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік дегенде, көз алдымызда бірнеше тіл игерген, өз ісіне білгір, жоғары сұранысқа ие маман, менеджер елестейтіні анық. Мұндай ұғымның туындауына «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» ұстанымының азды-көпті «салқыны» тигенін байқаймыз.

Бәсекеге қабілеттілік  нарықтық экономиканың идеологиялық бастауы болған либералды ойлардан басталды. «Адам баласы саясатта болсын, экономикада болсын, жалпы, қоғамның түрлі саласында бәсекеге қабілеттілігімен ғана алға шығуы керек» деген ұстанымнан туды. Мұндай бәсекелестік арқылы қоғамның айнасы болу үшін алдымен жариялылық қажет болды.

Ал саясаттағы бәсекелестікке әрбір партия сайлау додасында жария, легитимді түрде жеңіске жетуі жатады дер едім. Саяси додаға түсудегі мүмкіншіліктің барлық топтар мен таптарға, әлеуметтік және саяси  жік өкілдеріне бірдей шарттылықтың болуы  негізінде іске асуы.

Президенттің «Хабар» арнасындағы сұхбатында алдағы уақытта «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» тұжырымының орнына саясат пен экономиканың қатар дамытуды бағдар ету кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Қазақстанды алдағы күзде  саяси реформалардың күтіп тұрғанын аңғартады.

Тағы бір саяси реформа Парламент Мәжілісін күтіп тұр. Көппартиялықтан «жан-жаққа тартады» деп қорықпау керек. Бір-біріне бәсекелес партиялар арқылы Президент айтқан саяси мәдениет қалыптасады. Қазір қазақстандық саяси мәдениетті қалыптастыру жайында жиі айтылып жатыр. Саяси мәдениет бірнеше кезеңдік тұрғыдан қалыптасады дейміз. Бұл енді теориялық тұрғыдан алғанда. Яғни қоғам  саясаттану мен өзге де қоғамтану курстары және түрлі деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге  т.б. ақпарат ресурстарындағы дискурстар мен мәліметтер негізінде қалыптасады. Оның практикалық бағытына Парламенттегі  бір-біріне бәсекелес түрлі партияларды жатқызамыз. Себебі партиялар қоғамның түрлі жіктері мен топтарының мүддесін қорғайды. Қоғамдағы түрлі топтар мен таптардың мүддесі мен мәселесі ең алдымен алаңда емес, Парламент қабырғасында айтылуы керек. Жалпы, оның теориясы да,  практикасы да  қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастыруға жұмыс жасайды. Қазақстанның саяси жүйесін саяси бәсекелестік кезеңі күтіп тұр.

 

Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторант 

 

 

АҚПАРАТТЫҚ АЛАҢДА НЕГЕ ӘЛСІЗБІЗ?

 

Қаңтар оқиғасы тәуелсіз Қазақстан жылдарындағы қасіретті оқиға болды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарына берген сұхбатында қоғамды алаңдатқан осы оқиғаға қатысты мәселелер белгілі дәрежеде талқыланды. Әсіресе оқиғаның себеп-салдары, алда орындалуы керек саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынастары туралы сауалдар рет-ретімен қойылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде осы оқиғаға қатысты ақпараттар өте көп, тіпті әлеуметтік желілердің өзінде жазылып жатқан пікірлер мен ойлардан көз сүрінеді. Өйткені бұл оқиға бәрімізді алаңдатады. Сондықтан бұл қалыпты жайт. Ал елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан көтерілген «қыжыл» соңы бейбіт митингіден үлкен тәртіпсіздіктерге ұласты, ал билік жаңа реформаларды жүзеге асыру жолына қадам басуда. Ал неге біздің ақпараттық кеңістігімізде мәселелер күрделі және коммуникация неліктен жеткіліксіз? Мұны осы сұхбатта Президентіміздің өзі: «Мұны мойындау керек. Менің сол кездегі әрекеттерім сияқты, бұйрығымды да ешкім жөндеп түсіндірген жоқ. Кейін барып қана мен қолмен басқару режимінде «ана жерде мынаны, мына жерде ананы айту керек» деген сияқты тапсырмалар бердім. Яғни сізбен келісемін, «ақпараттық алаңда» ұтылып жаттық. Оған уақыт та жоқ еді. Білесіз бе, бәріміз көш кеткен соң ақылдымыз. Дәл сол кезде біз туралы кім не дер екен деп ойлап отыруға болар ма еді?» – деді.

Шындығында, Президент көптеген тапсырмалар бергенімен, тиісті атқарушы органдар тарапынан әлі күнге дейін белгілі бір жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Бұл туралы «Осы жағдайда құқық қорғау органдарының іс-қимыл жоспарының бірыңғай алгоритмі болмады. Ашығын айту керек, тәртіпсіздік болды. Құқық қорғау органдарының басшылары өздеріне жауапкершілік алудан қауіптенді. Мен оларға Рокоссовский немесе Жуковтың әрекетін мысалға келтірдім, яғни олар күн сайын Сталиннен қандай да бір іс-қимылдар үшін рұқсат сұраса, олар соғыста жеңіске жетер ме еді? Бұл жағдайда өздеріне жауапкершілік алу керек болды. Біздің заңдар осылай болып тұр, Жаңаөзендегі оқиғадан кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау органдарын еркіндігі жоқ ахуалға түсіретін заңдар қабылданды. Сондықтан жаппай мәлімдемеге дейін қарулы бандиттерге оқ ату керек екенін айтып, жауапкершілікті өзіме алдым. Ал үндеу жасаған кезде бұл мәселені көпшілікке қайталап айттым», – деді Мемлекет басшысы.

Қоғаммен байланыс – ақпараттық қоғамның ең басты ұстыны. Сондықтан биліктегі тұлға болсын, қарапайым азамат болсын байланыстың осы формасында тұрақты қатынаста, үйлесімде болмаса, мемлекетке, Отанға деген жауапкершілігімізді, міндетімізді, парызымызды орындай алмаймыз. Кез келген жағдайда ортаны бірлікке бастайтын да, қасіретке душар ететін де біздің қарым-қатынасымыз. Ал мемлекет деңгейінде ақпараттық байланыстың бұрыс болуы болашаққа қауіп төндіреді. Ақпараттық әл-ауқатты арттыру, ұлттық ақпараттық иммунитетті қалыптастыру жолында мықтап жұмыс жүргізуіміз қажет. Ол халық пен билік арасын байланыстыратын көпір болуы шарт. Ақпараттық алаңда қуатты болашаққа ұмтылайық.

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының оқытушысы,

PhD философия докторы  

 


ЖАСТАРҒА ЗОР СЕНІМ АРТАМЫЗ    

    

«Қасіретті қаңтар» жөнінде көпшілікті дүрліктірген қарама-қайшылықты пікірлер бұқаралық ақпарат көздерінде көптеп таралып кеткен еді. 29 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» арнасының журналисіне берген сұхбатында нақты жағдай қалай болғаны және кейбір мәселелерге қатысты сұрақтарға берген нақты жауаптарынан хабардар болдық. «Қаралы қаңтар» оқиғасында мемлекеттік қауіпсіздікті және елдің тұрақтылығын сақтау мақсатында бар жауапкершілікті сезіне отырып, шұғыл шешімдер қабылдау қажет болғанын айтты.

Сонымен қатар көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді мәселелердің шешімін нақтылап, қазіргі жағдайда қоғамда саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда, құқықтық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде түбегейлі қоғамдық өзгерістер қажеттілігі айқындалды. Сұхбат барысында «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қордың жұмысы әлеуметтік, денсаулық, білім салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталатыны айтылды. Қор қоғамды біріктірудің тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділдік сезімін күшейтетініне сенімдімін.

Жастардың білім сапасын арттыру, қазіргі өмірлік жағдай талаптарына сәйкес құндылықтық жүйесін қалыптастыру жолдары сараланды. Жастардың қалаулары мен қабілеттіліктеріне қарай техникалық, заманауи білімдерді игеруге көршілес Ресей елінің озық жоғары оқу орындарында оқуларына жағдайлар жасау өте дұрыс шешім деп есептеймін. Қолымызда бар кадрлық адами ресурстарды тиімді пайдалана білу қажеттілігі де өте дұрыс айтылған пікір. Кәсіби мамандарды жұмыспен қамтып, олардың кәсібилік шеберлігін шыңдауына қолдау көрсету, көптеген азаматтардың күрделі мәселелерден шығуына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта еліміздің әрбір азаматы, жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтеріп отырған бастамаларына қолдау көрсетіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға зор мүмкіндіктер ашылғаны айқын. Жастарға елдің болашағына сенім білдіру, айқын мақсаттар қоя білу, әлеуметтік өркениетті қоғам қалыптастыруға нақты шешімдер қабылдап, іспен дәлелдеудің уақыты келді деп ойлаймын.

 

Дархан МАМЫТҚАНОВ,

аға оқытушы 

 

 

КӨКЕЙДЕГІ КӨП САУАЛҒА ЖАУАП АЛДЫҚ      

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты қоғамды алаңдатқан бірқатар сұрақтарға жауап беру және алдағы жоспарланған реформаларға түсініктеме беру үшін «Хабар 24» телеарнасына  кеңейтілген сұхбат берді. Қазақстандағы өзгерістерге әлем жұртының қызығушылығы артып тұрғаннан болар, сұхбат бастан-аяқ орыс тілінде жүргізілді.

Президент осыған дейін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы талаптардың болғанын және мұндай жағдайды террористер мен содырлардың ошақтары тиімді пайдалана білгенін жеткізді. Құқық қорғау органдарының іс-қимыл жоспарының бірыңғай алгоритмі болмағандықтан, қарулы бандиттерге ескертусіз оқ ату керек екенін өз жауапкершілігіне алған.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламыздың әкімі Бақытжан Сағынтаевты «ол қызметтік міндеттерін орындау тұрғысынан адал адам» деп, өз қызметінде қалдыруды, сонымен қатар Алматы шаһарының есімін өзгертпеуді жөн көрді.

       

Дастан АХМЕТЖАНОВ,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы

 

 

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында көп мәселенің басын ашып айтты. Соның бірі еліміздегі ірі кәсіпорындарға шетелден мамандар тартуды қысқартып, Қазақстан азаматтарын жұмысқа алу туралы болды. Әрине, Президент «Ресейдің білім жүйесі, әсіресе техникалық білім саласы жақсы» екенін айта келе, Қазақ елі Ресейдің «стратегиялық серіктесі, бізде ірі бизнес саласында бірлескен кәсіпорындар бар, сондықтан бізге Ресейде білім алған техникалық мамандар қажет» екенін атап өтті.

Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі атап көрсеткендей, Ресейде ғана білім алу қажет дегенді білдірмейді және батыс елдерінде білім алғысы келген адамға ешкім кедергі келтірмейді. Алайда батыстың білім саласын идеалға айналдырудың қажеті жоқтығын меңзеді. Дана халқымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, біз батыстың да, Ресейдің де, тағы да басқа елдердің қай салада болсын жақсы, озық тұстарын ғана екшеп ала білуіміз қажет. Сондай-ақ оны өз ұлтымыздың ерекшелігін ескере отырып, қолданысқа дұрыс енгізе білсек игі.

Осы тұста біз Болон үдерісі бойынша білім саласына енгізілген өзгерістерге де қайтадан талдау жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Батыс білім жүйесін енгізуде бізде кеткен қателіктерді түзету қажет. Осы тұрғыда филология ғылымының кандидаты, аудармашы, Абердин университетінің (Ұлыбритания) PhD докторанты Гүлшат  Бақытжанқызының  пікіріне тоқталғанды жөн көрдім. «Шын мәнінде Болон процесінің мүшесі болып есептелетін батыстың алдыңғы қатарлы университеті мен Қазақстан университетінің білім деңгейі сәйкес емес. Студент қандай да бір пән аясында немесе құбылыс туралы өзі ізденбейді, іздену, сыни пайым қалыптастыруды білмей шығады. Есесіне оған бәрі тек оқытушы тарапынан айтылып беріледі, болды. Бұл жалпы білім алу процесінің қағидаттарына қарсы. ЖОО-да білімді бермейді, білімді студент өзі алуы тиіс. Ол үшін іздену керек. Ал ізденуге уақыт қарастырылуы қажет», – деген еді. Міне, осы әріптесім айтқан олқылықтарды ескеріп, білім жүйесіне түзетулер енгізетін уақыт жетті деп есептеймін.

Айтқали БАҚЫТОВ,

Дипломатиялық аударма

кафедрасының профессоры, ф.ғ.к.

 


ПРЕЗИДЕНТ НЕГІЗСІЗ БОЛЖАМДАРҒА НҮКТЕ ҚОЙДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық  «Хабар 24» телеарнасының журналисі Вера Захарчукпен сұхбат жасап, халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың жауабын берді. Мемлекет басшысы қаңтардағы қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын ашып көрсетіп, елімізде жүзеге асырылатын саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мән-мазмұнын түсіндірді. Сонымен қатар Қазақ елінің алдағы кезеңдегі сыртқы саяси басымдықтары мен негізгі стратегиялық серіктестерімен өзара қарым-қатынастары туралы арнайы тоқталып, соңғы кездері белең алып кеткен алыпқашпа саяси әңгімелерге нүкте қойды. Әсіресе Қазақстандағы қаңтар бүлігін басуға ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің көмекке тартылуын түрлі деңгейдегі саяси сәуегейлер сан-саққа жорып, «Қазақстан Ресейге кіріптар болып қалатын болды», «батыс елдері енді Қазақстанға экономикалық санкциялар салады», «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты құрдымға кетті» дегендей сан түрлі жорамалдар жасаған еді. Тәжірибелі дипломат, салиқалы саясаткер саналатын Президентіміз мұндай арандатушылық сипаттағы «саяси болжамдардың» негізсіз екенін айта келе, мәселенің ақ-қарасын ашып берді.

Ең алдымен ҰҚШҰ көмегіне жүгіну осы ұйымның шартында көрсетілген талаптарға сай жүзеге асқанын, бітімгершілік күштер тек қана өздерінің тікелей міндетімен айналысқанын, яғни атқарған миссиясы тек стратегиялық нысандарды күзету мен тылды қамтамасыз етумен шектелгенін атап көрсетті. ҰҚШҰ-да жалғыз Ресей ғана емес, оның құрамында алты одақтас мүше-мемлекеттер бар: Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан. Қажет болған жағдайда өзара көмекке ҰҚШҰ-ның өзге де мүшелері жүгіне алады. Сондықтан ҰҚШҰ көмегіне сүйену – Ресейге «қарыздар болу» немесе Ресейге «тәуелділікке алып келеді» деген жаңсақ пікір. Көріп отырғанымыздай, ҰҚШҰ бітімгершілік мисссиясын аяқтай салысымен, шартқа сәйкес, Қазақстаннан шығарылды.

Сұхбат барысында Президентіміз жүгенсіз кеткен қарулы лаңкестерге ескертусіз оқ ату туралы қатаң бұйрық беруге тура келгеніне де тоқталды. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген қиын сәтте Мемлекет басшысы әрі бас қолбасшы ретінде шұғыл шешім қабылдап, барлық жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтты. Мұндай жағдайда батыс елдері не дейді екен деп, ойланып-толғанатын уақыт жоқ еді.

Мемлекет басшысы ойын қорыта келе, еліміздің халықаралық байланыстары қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып, көпбағытты, сындарлы  және өзара тиімді әріптестікке негізделетінін атап көрсетті. Сыртқы саяси басымдықтарымыз – өзіміздің көршілес елдермен бейбіт достық пен стратегиялық әріптестікті нығайту болып қала береді. Әсіресе құдай қосқан көршілеріміз – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен тату-тәтті болу, жан-жақты және терең ынтымақтастықты дамытудан өзге жол жоқ. Көршіні ешкім таңдай алмайды, сондықтан ежелден бері көршілес отырған елдермен достық қарым-қатынас жасау өмірлік қажеттілік. Алайда қазіргі әлемде туындап отырған келеңсіз геосаяси талас-тартыстар, сауда-экономикалық соғыстар мен ақпараттық арандатулар жағдайында Қазақстанға да өте сақ болу керек. Бұл тұрғыда Президент Қ.Тоқаев антиресейлік немесе Қытайға қарсы синофобиялық  көңіл күйді өршітетін арандатушы сыртқы күштер бар екенін, олардың арандатуына ұрынып қалмай, ұлттық мүдделерімізді қорғап, көрші елдермен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта берудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

 

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының профессоры,

саяси ғылымдар докторы

 

 

 

ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ ҮШІН БАРШАМЫЗ ЖАУАПТЫМЫЗ

 

Биылғы қаңтар қазақ табалдырығын қырыс мінез, қатулы қабақпен аттады. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген алмағайып заман орнады. Шөлмектің мың күн сынбай, бір күн сынатынындай, жылдар бойы қоғам өмірінде қордаланып келген сан мың түйткіл жарылған сәт туды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жамиғаттың жүрегін сыздатқан осынау күрмеуі қиын күндер жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөз сөйледі. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп атап өтті.

Бүгінде көзіқарақты қауым өткенге ойша көз жіберіп, егемендіктің отыз жылында табан тіреген белестер мен «қолды кеш сермеген» тұстарға сын көзімен қарай бастады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының «Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар» деуі пікірімізге жан бітіргендей. Президент сол тармақтарды тарқата келе, «Орын алған қайғылы оқиғалар көп жағдайда күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен кейбір мемлекеттік органдардың тиімсіз, дәлірек айтсақ, сәтсіз қызметі салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі шындықтар мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауы байқалды. Күш құрылымдарының өкілдері халықтың өмірі, олардың тілектері мен өтініштері туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырды. Теңсіздік мәселесі де шиеленісе түсті», – деп атап көрсетіп, мәселенің мәнісіне үңілді.

«Халықтың орташа табысы қағаз жүзінде болса да өсіп жатқандай көрінгенімен, жылдан-жылға шиеленісіп барады. Дегенмен біреудің қалтасын миллиондаған теңгемен қалыңдатып, біреудің алақанына қара бақыр болып түсетін орташа жалақы қоғамдағы аса терең мүліктік жіктелуді жасырады. Азаматтардың көптеген өзекті мәселелері шешімін тапқан жоқ. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті, «экономика өскен сайын, халықтың барлық топтарының табыстары артуы керек» деген аксиома біздің жағдайда жұмыс істемейді. Елімізде құрылған әлеуметтік-экономикалық жүйе ұлттық табысты бөлуде тиімсіз болып шықты. Қаржылық және олигархиялық топтар экономикалық өсудің негізгі пайдаланушыларына айналды. Олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті». Бұл дәйекті Президент сөзінен алып отырмыз.

Нақ осы түйткілдер турасында саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт кезінде «Қазақстанның жалпы байлығының 55 пайызы 165 адамның еншісінде», ал сенатор, ғылым қайраткері Ақылбек Күрішбаев «еліміздегі 5,5 миллион гектар құнарлы жер тек 21 адамның қолында» деп мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ фармацевтикадағы ым-жымы бір саудагерлердің өзара сөз байласып, нарықты басы бүтін жаулап алуы, ауыл шаруашылығындағы алаяқтардың қаржыны қымсынбай қымқыруы, егіс науқаны мен жиын-терім кезінде сыбайлас жемқорлардың жанар-жағармай бағасын қолдан шарықтатуы туралы талай рет мәселе көтерілсе де, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Жылдар бойы шешімін таппай келген көптің көкейіндегі осынау түйткілдерге енді Президент биік мінберден басшылар мен қосшылардың, әкімқаралар мен атқамінерлердің назарын аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы былай деді: «Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді. Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуына мүдделі ме?»

Етектен тартқан кемшіліктің қай-қайсысының да атын атап, түсін түстеген Президент тілге тиек болып отырған, «кей адамдар» делінетін заңды, заңсыз тұлғалардың бірі, жалғанды жалпағынан басқан «ROP операторы» компаниясының қызметін сын садағына алды. Байқап отырғанымыздай, қазіргі қазақ қоғамы түбегейлі саяси-әлеуметтік, экономикалық қайта құруды қажет етеді. Бұдан былай ел бюджеті санаулы топтың сауын сиырына айналмауы тиіс. Атқарушы биліктегі абыройдан айырылған ат төбеліндей саяси шоғырдың билеп-төстеуіне тосқауыл қойылуы керек. Ел тәуелсіздігін бекемдейтін реформаға балама жоқ. Ол үшін, Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Сонда ғана Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл кезең шынайы жаңару кезеңі болуы үшін баршамыз жауаптымыз.

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры



САЛМАҚТЫ АНАЛИТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғалардан кейін алғаш рет 30 қаңтарда сұхбат берді. Халық бұл оқиғалардың күрделілігін сезінеді және әлі ұзақ уақыт саралайтын болады. Бірақ осы сұхбатқа дейін, дәл осы айда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды толғандыратын мәселелерді бірнеше рет айтқан еді. Иә, халықты барлық себептері алаңдатады. Сонымен қатар бұл оқиғалардан туындаған салдар да алаңдатып отыр. Елімізді не күтіп тұр? Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саладағы күшейтілген жұмысы болуы керек екені түсінікті. Сондай-ақ Президент Қауіпсіздік кеңесі аясында ұлттық қауіпсіздік жүйесінде реформалар болатынын бірнеше рет айтты.

Билік беделі, стратегиялық мақсаттар мен нақты басқару шешімдерін жүзеге асырудың тиімділігі мемлекеттік саясатты жүргізушілер ретіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және адамгершілік деңгейіне байланысты. Ал «ақпараттық жағынан ұтылдық, фейктер көбейді» деп атауымыздың себебін, көп жағдайда біздің шенеуніктердің халыққа дер кезінде әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың мақсаттары мен міндеттерін түсіндіре алмауымен, қарым-қатынастардың қайшылықты салаларын реттей алмауымен байланысты болуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттары мен оларды жүзеге асыру әдістерінің арасындағы қайшылықтар осыдан туындайды.

Менің ойымша, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы туралы мәселенің де өзектілігін арттыру қажет. Өйткені қатаң вертикаль есебінен қол жеткізілген қоғамды тұрақтандыру қысқа мерзімді әсер береді. Ал кері байланыс институты болмаса, деструктивті қақтығыстардың алдын алу тұрақты сипатқа ие болмайды.

Әртүрлі әлеуметтік топтарға, қоғам топтарына өз мүдделерін институттандыруға мүмкіндік беретін көптеген институттардың ішінде саяси партиялар ерекше маңызға ие болуы керек. Бұл ретте, қазақстандық қоғам мәдениетінің құрамдас элементі саяси партияларға деген сенімсіздік екенін атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстан азаматтары партияларды билік пен азаматтар арасындағы дәнекер ретінде қабылдамайды. Көбінесе бұл партиялардың дауыс беру машинасы ретінде пайдаланылуымен, партиялардың имитациялық сипатымен байланысты. Сондықтан бізге заңды-конституциялық тетіктер арқылы қоғамдағы әлеуметтік көңілі толмаушылық пен наразылықты білдіре алатын бәсекелес партиялар қажет.

Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де өте маңызды. Соңғы оқиғалар журналистерге ерекше жауапкершілік пен объективтілік қана емес, салмақты аналитикалық көзқарас қажет екенін көрсетті.

Қаңтар оқиғасын ғылыми тұрғыдан түсіну де өте маңызды. Конфликт жағдайларын тудыратын, әсіресе деструктивті салдарға әкелетін факторларды ерте диагностикалау және анықтау бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Қазір университетіміздің ғалымдары осы бағытта жұмыс істеуде. Бұл тұрғыда кәсіби конфликтологтарды даярлау да маңызды. Сондықтан тек біздің университетімізде ғана жүзеге асырылып жатқан «Конфликтология» білім беру бағдарламасын дамытуды жалғастырамыз. Бүгінде тек әлеуметтік-экономикалық ғана емес, саяси реформалар да қажет. Мұны мемлекет пен азаматтық қоғам бірлесе отырып жүзеге асыруы тиіс.

 

Гүлнар НАСИМОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі,

саяси ғылымдар докторы

 

 

ЖАСТАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНУІ ТИІС 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп тұжырымдай отырып, «Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себебі бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады», – деп мұқият болуға шақырды.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Дегенмен дәлелсіз жаңсақ ойлар көптеген адастыруларға, жанжалға, қала берді, қатыгездікке, ойға келмес озбырлыққа әкеп соғуда. Осы тұрғыдан келгенде алыпқашпа пікірлерден ойымыз мен бойымызды аулақ ұстау басты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа, еліне қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керектігін де ұмытпаған жөн. 

Әйгілі жазушы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, болашақтағы жастарға артылар үміт пен жауапкершілік бүгінгі күннен бастау алатынын естен шығармау қажет. Бұлай екпін түсіріп айтуының өзі қазіргі еліміздің саяси-әлеу­мет­тік, экономикалық тұрғыдан тәуел­сіздікке жетіп отырған тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұрақтылығын сақ­тап, оны болашаққа аманат етуді көздеуді сипаттап отырғандай. Бүгінгі жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болмақ. 

Қ.ЖҰМАБЕКОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының

аға оқытушысы


 

ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

 

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайту жөнінде айтқан еді. Осыған байланысты білім саласында, оның ішінде ЖОО шетелдік профессорларды тарту жөнінде пікірімді білдіргім келеді.

2019 жылы елімізде «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленгенін білеміз. Бағдарламаның басты мақсаты, жұмыс тобы құрылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі архив қорларындағы материалдарды жинап, елге әкелу керек болған. Бүгінгі күнде аталмыш бағдарлама бойынша қаншалықты жұмыс жүріп жатқанынан бейхабармыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесу кезінде «Шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайту керек. Елімізде жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе жастар саны жеткілікті» деп қадап айтты. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік профессорларды шақырғаннан гөрі отандық ғалымдардың шетелге барып, шетелдік архив қорларымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе. Елімізде мықты ғалымдар өте көп, олардың ішінде жиған-терген материалдарын баспадан басып шығаруға қаражат таба алмай отырғандары қаншама. Мысалы, мен қазақ баспасөзінің тарихын зерттедім. Алматы қаласындағы Орталық архив, Ұлттық кітапханадағы «Сирек қолжазбалар» қорында көптеген тарихи басылымдар бар. Олардың барлығы араб қаріптерімен төте жазуда басылған. Тарихи басылымдарды бүгінгі ұрпақ оқи алатын қаріпке түсіру үшін араб қарпін тани алатын азаматтарға оқытып, редакциялап, баспаға дайындау, басып шығару үшін қаржы керек. Қарапайым зерттеуші ретінде оған менің қаражатым жетпейді. Ал қазақ баспасөзінің толық зерттелмеуінің нәтижесінде білім алушы жастар баспасөз тарихын тереңдеп оқи алмайды.

Сондай-ақ еліміздің архив қорларында қазақ баспасөзіне қатысты материалдар толық емес. Мәселен, Өзбекстан, Ресей, Түркия кітапханалары мен архивтерінде біздің қолымыз жете алмай жүрген алғашқы қазақ басылымдарының түпнұсқалары сақталған. Міне, осындай шетелдік архивтер мен кітапханаларда жұмыс істейтін ғалымдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс.

 

Алтын АҚЫНБЕКОВА,

ҚазҰУ журналистика факультетінің PhD докторы