Жапон тілінен тегін онлайн курсы
2022 жылдың 5 ақпаны мен 18 наурызы аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы мектеп бітірушілері мен республика колледж студенттеріне рналған жапон және корей тілдерін тегін оқыту курстарын өткізеді. Жапон тілі курстарының үйлестірушісі болып мен, Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Тазабекова Гульмира тағайындалды. Әлеуметтік желілерде курстар туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап ақ бізге еліміздің түкпір-түкпірінен жапон тілін үйренгісі келетіндерден қоңыраулар түсе бастады. Бұл курсқа Алматыдан және Қазақстанның басқа аймақтарынан 100-ден астам адам жазылды. Адамдар үлкен қызығушылық танытып, және әлі күнге дейін курсқа барғысы келетіндерден қоңыраулар мен хабарламалар түсіп жатыр. Бір қызығы, курсқа Қазақстаннан ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Бразилия және басқа да шет елдік талапкерлер қызығушылық танытып, жазылды.
Бұл курстың мақсаты студенттерге болашақ мамандығының саласын таңдау процесінде кәсіптік бағдар беру, кафедра қызметімен, білім беру бағдарламаларымен таныстыру, шығыс тілдерін үйренуге қызығушылық қалыптастыру.
Сабақтар аптасына 2 рет онлайн түрде өтеді. Сабақта студенттер Жапония мен Кореяның мәдениетімен танысады, сонымен қатар тілдің бастапқы деңгейін меңгереді. Жазуды үйреніп, және жиі қолданылатын сөз тіркестерін меңгеру мүмкіндігін алады. Курс соңында ынталы және белсенді студенттерге жапон және корей тілдері курсын бітіргені туралы сертификаттар тапсыру жоспарлануда. Курстың үйлестірушісі ретінде факультет тарапынан талапкерлер үшін бұл оқытуды ұйымдастыру өте жақсы идея болады.
Осы орайда онлайн курстарды ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре Молдатөреұлына, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ем Наталья Борисовнаға, сондай-ақ осы онлайн курстарды жүзеге асыруға белсене атсалысқан барша ұстаздарға алғысымды білдіреміз.
Тәжірибе көрсеткендей, еліміздегі көптеген жастар Қазақстанда шығыс тілдерін үйренудің түрлі мүмкіндіктерін әлі толық білмейді, атап айтқанда, олардың жапонтану мен корейтану салаларында жеткілікті білімі жоқ. Республикадағы түкпір-түкпіріндегі жастар жапон және корей тілдерін, мәдениетін тегін үйренуге бірегей мүмкіндік алды деп ойлаймыз.
Әр сабақ видеоға жазылады. Сондықтан, белгілі бір себептермен онлайн сабаққа қатыса алмаған студенттер жазбаны кейінірек өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта көре алады. Кез келген тілді жетік меңгеру үшін адамның осы тілмен алғаш танысқан жағдайы, тілді үйренуден алған эмоциооналды әсері, мұғалімнің материалды алғаш рет қалай ұсынып, оны жетістіктері үшін мадақтағаны өте маңызды екені баршаға мәлім.