Халықаралық форум

15 мамыр, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия елдері университеттері ректорларының І халықаралық форумы өтті. Форум жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев және Орталық Азия елдерінің білім, ғылым саласы министрлері мен ЖОО ректорлары қатысты.
Форумда сөз сөйлеген министр Асхат Аймағамбетов барлық қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдіріп, Орталық Азия ЖОО-лар арасында білім мен ғылымды дамытуға басымдық беріп, озық бағыттар бойынша сапалы зерттеулер жүргізу, инновацияларды енгізуге байланысты қарым-қатынастарды нығайтуды алға тартты. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары білім беруді дамытудағы жетістіктеріне тоқтала келе, еліміздегі 14 ЖОО әлемдік рейтингтердің қатарында екенін айтты. Бүгінде Қазақстан Болон процесінің белсенді қатысушысы. ЖОО жұмыс берушілердің сұраныстарына жауап бере отырып, университеттер тарапынан әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының тізілімі айтарлықтай кеңейтілді. Бұл жоғары білімнің тәжірибелік бағыттарының дамуына оң әсерін тигізеді.