Санджай Веди: ҚазҰУ – үндітанушыларды даярлайтын бірегей оқу орны
Шығыстану факультетінде Қазақстандағы Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырзамен кездесу өтті. Кездесуге шығыстану факультетінің деканы міндетін атқарушы Н.Ем, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Д.Көкеева, Үндітану бөлімінің меңгерушісі М.Пернеқұлова және Үндітану бөлімінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Іс-шараны шығыстану факультетінің деканы міндетін атқарушы Н.Ем құттықтау сөзбен ашып, екі ел арасындағы мығым достықтың көпірін нығайту мақсатында елге үнді тілін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін терең меңгерген мамандардың қажеттілігін назарға ала отырып, соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл салада белсене еңбек етіп, өзіндік үлестерін қосып келе жатқан үндітанушы мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны болып табылатынын атап өтті.
Свами Вивекананда үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза бұл қызметте әлі күнге дейін айтарлықтай ұзақ уақыт болмаса да, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне үшінші рет іссапармен келіп, жан-жақты келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Аталған келіссөздер негізінде Үндітану бөлімінің оқытушылары мен студенттері Үндістанға біліктілігін арттыруға арналған тағылымдамаларға жіберілетіндерін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының елшілігі жақын арада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірлескен халықаралық ғылыми конференциялар өткізуге қолдау білдіретінін еске салды. Сонымен бірге Санджай Веди мырза 2020-21 жылдары Үндістанда тілдік тағылымдамадан өтіп, бірақ пандемияға байланысты дипломдарын уақытында ала алмаған Үндітану бөлімінің түлектері Нәзира Киізбаева, Аида Орынбай, Балжан Хамитова, Алмас Еслямгариев, Әділет Мұратбековтерге ресми түрде Махатма Ганди атындағы Халықаралық Хинди университетінің дипломдарын табыстады.
Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті мен Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығы арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар жаңа мүмкіндіктер талқыланды.
Шара соңында шығыстану факультетінің деканы міндетін атқарушы Н.Ем Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға, атап айтқанда: шығыстану факультеті мен Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының елшілігі арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту үшін ерен еңбек атқарып келе жатқаны үшін Санджай Веди мырзаны Алғыс хатпен марапаттады.
Меруерт ПЕРНЕҚҰЛОВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы
Үндітану бөлімінің меңгерушісі