Түркиялық профессор Исмаил Бозтосун көшбасшылық дәріс оқыды

30 қыркүйек, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркия Республикасы Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы TENMAK протонды үдеткіштер орталығының директоры Исмаил Бозтосун «TENMAK зерттеулері мен дамуы: детекторлардан ядролық медицинаға дейін» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Профессор, доктор Исмаил Бозтосун жаһандық ғылымның даму рөлі туралы ойымен бөлісіп, TENMAK протонды жеделдеткіш орталығы жұмысымен таныстырды.

Көшбасшылық дәріске Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Хайдар Тасыбеков және оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Профессор Исмаил Бозтосун Түркиядағы Ядролық зерттеулер мен қолданбалар орталығының негізін қалаушы және 2000-нан астам дәйексөздердің 28 h-индексімен 100-ден астам халықаралық SCI мақалаларын жариялады. Ол сондай-ақ Түрік физикалық қоғамының мүшесі және бұған дейін Түркия атом энергиясы агенттігі мен TÜBİTAK-тың консультативтік кеңесінде қызмет еткен. Профессор, доктор Бозтосун – үдеткіш және сәулелену технологияларының үйлестірушісі және Акдениз университеті физика факультетінің мүшесі.

Өз кезегінде түркиялық профессор: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азиядағы ең беделді оқу ордаларының бірі. Түркі халықтарына ортақ біздің көптеген ғалымдар адамзат мүддесіне қызмет етті. Бүгінде сол үдеден шығу жолында осындай іс-шаралардың маңызы зор», – деп атап өтті.

«Бұл маңызды шара ядролық физика және ядролық медицина саласындағы интеграциялық байланыстарды нығайтуға, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға және жоғары білікті жаңа формациядағы мамандарды даярлауға елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Біз білім алушы жастармен өз тәжірибемізбен бөлісуге қашанда дайынбыз. Осы орайда, ізденімпаз жастарға “Türkiye bursları”, “Mevlana”, “El-Farabi” т.б. іспетті бағдарламалар арқылы Түркияда оқу мүмкіндігі қарастырылған», – дей келе, профессор TENMAK жобасының негізгі жетістіктеріне байланысты зерттеулер мен теориялық әзірлемелерге егжей-тегжейлі шолу жасады.

Сонымен қатар Түркиядағы ядролық медицина мен энергетиканың дамуын университет ұжымына жете таныстырды.

Кейін кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Студенттер құрметті мейманға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі