ҚазҰУ студенті – Әлем чемпионатының жүлдегері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Әбиба Әбужақынова дзюдодан 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ташкент қаласында өткен жарыста ҚазҰУ студенті 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Франция, Бразилия және Чили спортшыларынан басым түсті. Ширек финалда спортшы қыз Сербиядан келген Милиса Николичті, қола жүлде үшін бәсекеде чилилік Мари Ди Варгас Лейменмен татамиге шығып, жеңіске жетті.
Дарынды спортшы 2020 жылы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, ал 2021 жылы ел чемпионы атағын иеленді.
Әбиба – Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі, сонымен қатар Еуропа кубогының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Азия кубогының иегері.
Ол 2018 жылы Бакуде өткен универсиадада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ намысын қорғап, дзюдодан күміс медаль жеңіп алған болатын.
Бүгінгі таңда Әбиба Әбужақынова ҚазҰУ-дың заң факультетінде «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Ол – дзюдодан Әлем чемпионатының жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі