- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қазақстан-Қытай: тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті
«Қазақстан-Қытай: тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті
2022 жылдың 19 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында қазақстандық және қытайлық дипломаттар мен ғалымдардың авторлық ұжымы үш тілде (қазақ, қытай және орыс) дайындаған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Халықтар арасында ғасырлар бойы келе жатқан тарихи байланыстар, замануи жан-жақты өзара қатынастар екі мемлекет арасындағы байланыстардың өнімді дамуына арқау болып келеді.
Осыған байланысты, қазақстандық және қытайлық мамандар арнайы мерейтойлық басылым дайындап, бұл еңбекті ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығы мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің 2022 жылдың қыркүйегіндегі Қазақстанға мемлекеттік сапарының нәтижелеріне арнап отыр.
Аталған еңбекте 1992-2022 жылдар аралығындағы екіжақты қатынастарға сараптамалық шолу жасалған. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық мәліметтер, маңызды ресми құжаттар мен тарихи фотосуреттер жинақталған.
Кітап дипломаттарға, халықаралық қатынастар және шығыстану бойынша мамандар мен білім алушыларға, сондай-ақ қазақстан-қытай қатынастарына қызығушылық танытатын оқырман көпшілікке арналған.
Кітаптың тұсаукесеріне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің басқарма мүшесі-проректор Ә.Б. Увалиева, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысының орынбасарыИ.Ж. Раимов, Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ш.Ш. Нұрышов (онлайн байланыс арқылы), ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо (онлайн байланыс арқылы), Қазақстандағы CNPC бас директоры Ли Юнхун, отандық дипломаттар мен жетекші қытайтанушы ғалымдар, оқытушылар, студенттер қатысты.
Кітап жайлы дипломаттар, университеттің қытайтанушы ғалымдары Н.А. Алдабек, Н. Мұқаметханұлы өз ойларымен бөлісіп, оң бағаларын берді.
Тұсаукесер соңында, Университет кітапханасына, ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігіне және ҚХР-ның Алматы қаласындағы Бас консулдығына кітап топтамалары сыйға тартылды. Сондай-ақ тұсаукесерге қатысқан қонақтар QR-код арқылы кітаптың электрондық нұсқасын жүктей алды.