ҚазҰУ ұжымы әділ сайлауды қолдайды

20 қазан, 2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әділ сайлау үшін» штабы мүшелерінің «Азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, оқытушы-профессорлар құрамымен және білім алушы жастармен кездесуі өтті.

Шараны ҚазҰУ-дың заң факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор Алуа Ибраева ашып, заңгерлердің сайлауалды кезеңдегі миссиясына тоқталды.  

«Демократиялық қоғам дамуы үшін сайлау маңызды рөл атқарады. Бұл конференцияның өзектілігі – жұртшылық, ғалымдар, сарапшылар сайлау туралы заңнаманы жетілдіру үдерісіне белсене атсалысады. Ғалымдардың ұсынысы заң шығарушы билік үшін аса қажет», – деді Алуа Ибраева.

Заң факультетінің деканы, профессор Дәулет Байделдинов азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері жайлы айтты. «Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауы халықтың демократиялық өзгерістерді кеңейтуге деген сенім мандатын алу үшін қажет. Олар қазақстандықтар өмірінің барлық саласына қатысты», – деді спикер.  

Штаб мүшесі, белгілі заңгер ғалым Ермек Әбдірасұлов конституциялық реформаның, сайлау заңнамасының және сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі ережелерін түсіндірді. Ол: «Сайлауда өз ұстанымын білдіру – барлық азаматтардың алдында тұрған міндет. Ол халықтың мемлекет істерін басқаруға және жаңа, әділ Қазақстанды құруға белсенді қатысуының көрсеткіші. Жастар – мемлекетіміздің маңызды сайлау ресурстарының бірі, олар еліміздің болашағы. Сондықтан жастарымызға саяси өмірге деген белсенділік пен өз ерік-жігерін білдіруді көрсету керек», – деген пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар жиында сөз алған профессор Еркін Дүйсенов сайлау заңнамасын жаңғырту қажеттігін алға тартып, сайлау үдерісінің қыр-сырына үңілді.

Байқаушылардың сайлау процесіне қатысуы, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды ұсыну ерекшеліктері жайлы мағлұматтар жиылғандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Университет басшылығы, оқытушы-профессорлар штаб жұмысының маңызын атап өтіп, қолға алынған шараларға қолдау танытты.

Айта кетсек, «Әділ сайлау үшін» штабы ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі базасында құрылған болатын.

Штабтың мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру және сайлау үдерісіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, сайлау үдерісін ұйымдастырудың барлық кезеңдері мен деңгейлерінде азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар, БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі