Анқара университетінде өткен Халықаралық конференцияFarabi University

Анқара университетінде өткен Халықаралық конференция

1 қараша, 2022

2022 жылғы 27 қазанда Анкара университетінде қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, академик М. О. Әуезовтің 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияны Түркия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Анкара университетінің тіл, тарих және география факультетінің қазіргі түрік диалектілері бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ф. Сема Барутжу Өзөндер ұйымдастырды. Конференцияға М.О. Әуезовтің шығармашылығын зерттеумен айналысатын танымал ғалымдар, докторанттар қатысты. Қазақстан елшісі Сәпиев Еркебұлан Оңалбекұлы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары, доктор, доцент Билал Чакыжы құттықтау сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен аталған конференцияға қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірболат Алуа Берікбайқызы қатысты. Ол «Мұхтар Әуезов прозасының көркемдік ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасап, әріптестерін Қазақстандағы әуезовтануды дамытудың негізгі бағыттарымен таныстырды.

Конференция аясында Академик З.Қ. Қабдоловтың түрік тілінде жарық көрген «Менің Әуезовім» кітабының тұсаукесері өтті. Оның әдеби редакторлары – ҚазҰУ профессоры Ержанова С.Б., аға оқытушысы Бисенбаев П.Қ.

Конференция соңында марапаттау рәсімі өтті. Қатысушыларға Анкара университетінің сертификаттары берілді. Профессор Ф. Сема Барутжу Өзөндер, профессор Алуа Темірболат, профессор Гүлжанат Құрманғалиева, профессор Мұстафа Онер, доцент Мұрат Черитоғлу, доцент Жазира Отызбай, ақын, аудармашы Әсем Ережепқызы Мұхтар Әуезовтің медалімен марапатталды.