Студент серігі: саналылық, сауаттылық, салауаттылық.

23 қараша, 2011

Қазіргі таңда «экстремизм», «терроризм» терминдерінің БАҚ беттерінде, қоғамымызда қызу талқыланып жатқаны баршамызға мәлім. Аталған терминдерді ел азаматтары арасында үрей туғызу немесе сенсациялық жаңалықтар жасауға бейім әлдекімдер өз мүдделері үшін пайдаланып қалудан аянбайтыны жасырын емес. Осы орайда қоғамымызда ең белсенді әлеуметтік топ – студенттер де өз пікірлерін білдіруден шет қала алмады.

Өздерінің көкейкесті ой-пікірлерін ортаға салу үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің студенттері ағымдағы жылдың 18-қарашасында «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық діни жағдайлардың аспектілері: студенттердің пікірлері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде бір күнде 50-60 дөңгелек үстел, конференция, т.б жиындар өтеді екен. Аталмыш дөңгелек үстелдің басқа іс-шаралардан басты ерекшелігі ретінде студенттердің еркін пікір танытқан диалог алаңы бола білгендігін айтуға болады. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары - саясаттану кафедрасының студенттері болды. Дөңгелек үстел жұмысы барысында саясаттану, дінтану, әлеуметтану, мәдениеттану мамандықтарының студенттері Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі діндердің орны мен жат пиғылды діни секталардың жастардың санасын улап жатқаны туралы және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң» турасында өз пікірлерін ортаға салған студенттер болашақ қоғамдық-әлеуметтік сала мамандары ретінде таныта білді. Дөңгелек үстел жұмысына саяси ғылымдар докторы, профессор Ә.С. Балапанова, саяси ғылымдар докторы Ә.С. Қайдарова қатысып, экстремизм мен терроризмнің тарихы мен себеп-салдарына, қоғамды жайлаған келеңсіз құбылыстың ұлттық қауіпсіздікке тигізіп отырған кері әсеріне ерекше тоқталды. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, қоғамдық сананы топтастыруда, әрбір қазақстандықтың діни сауаттылығын көтеруде қоғамдық-әлеуметтік сала мамандарының рөлі мен қызметі зор екені анық. Сондықтан дөңгелек үстелге қатысушы болашақ мамандар террористік актілер мен экстремистік әрекеттердің нысанасы ретінде қоғамның ең әлжуаз топтары, әсіресе, жас буын өкілдерін өздерінің жымысқы мақсаттарына барынша пайдаланып жатқанына назар аудара отырып, қоғамға төнген рухани дерттің алдын алу, одан қалай сақтану турасында өз ойларын бөлісті. Дөңгелек үстелді қорытындылаған студенттер Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Еліміз бен жастардың басты капиталы - сапалы білім» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатқанын ерекше атап өтіп, барша жастарға саналылық, сауаттылық, салауаттылықтық серік етіп, өз болашағы мен ел келешегіне зор жауапкершілікпен қарау керек деген ортақ тұжырымға келді.

Философия және саясаттану факультеті