АРХИВ ҚҰЖАТЫН ҒЫЛЫМИ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРУ – ОРТАҚ МҮДДЕ
ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Архив сыйы: ҚР ОМА кітаптары – Әл-Фараби университетінде» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Басқосуға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай, ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасының директоры Ақбөпе Бердіқызы және тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Досбол Байғонақов қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын тарих факультетінің деканы Досбол Сүлейменұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты. «Мұндай басқосу біздің білім алушы жастарға өте пайдалы. Жиынға негізінен тарих факультетінің «Архив» және «Тарих» мамандығының студенттері қатысуда. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Мұнда болашақ ғалымдар да отыр. Сондықтан архив ісін тек сақтап қоймай, ғылыми айналымға енгізу ортақ мүдде», – деді.
Жиында сөз алған Қуат Қаһарманұлы: «Мен қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың түлегімін. Университет елімізге кәсіби архив мамандарын даярлап отырған бірден-бір жоғары оқу орны. Сондықтан осынау басқосуға арнайы келдім. Қазір өскелең ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеп, мемлекеттік сана қалыптастыруда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын білесіздер. Осы орайда, жастар, «Архив» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер, сіздер бізге қамқор, қорғансыздар. Өйткені архив саласында 4-ақ пайыз кәсіби архившылар жұмыс істейді, қалғаны өзге сала мамандары. Демек, архивші мамандығы сұранысқа ие, өте қажет мамандық», – деді. Одан әрі өз сөзінде комитет төрағасы: «Елімізде 215 архив жұмыс істейді. Оның барлығы кеңес дәуірінде салынған. Қазір архив ісін цифрландыру, электронды архивті дамыту мәселесі тұр», – деді.
«Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры Сәбит Шілдебай: «Біз бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тарту ретінде «Архив – 2025», «Мәдени мұра» және т.б. бағдарлама, жобалар аясында жарық көрген өте құнды еңбектерді алып келдік. Өйткені біздің мекеме шығарған кітап, фотоальбомдар архивтік құжатқа негізделген. Осы тұрғыдан алғанда, өте құнды еңбек саналады. Оған мемлекеттік архив мамандары, ҚазҰУ ғалымдары тартылды. Біз сыйға тартқалы тұрған кітаптар ішінде «Қазақстандағы ашаршылық:1921-1923 жж.», «1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс», «Эпистолярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941гг.», Бауыржан Момышұлы, Асанбай Асқаров, Сейітқали Меңдешов, Хакімжан Наурызбаев және т.б сынды біртуар тұлғалардың жеке тектілік қор құжаттарынан құрастырылған кітаптар бар. Архивтің міндеті – құжатты жинап, сақтау ғана емес, ғылыми айналымға шығару», – деп өз ойын қорытындылады.
Ал Әл-Фараби кітапханасының директоры Ақбөпе Бердіқызы: «Біз Орталық мемлекеттік архивпен ынтымақтаса жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Бүгінгі сыйға тарту етілген құнды еңбектер университетімізде білім алып жатқан жастарға үлкен қолдау деп түсінеміз. Осындай бағалы еңбектердің арқасында кітапхана қоры молая түседі», – деді.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі