ҚазҰУ-да биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «QazBioPharm» холдингінің ұйымдастыруымен «Ведомствоаралық ғылыми кластер – ғылымды қажетсінетін өнім жасаудың негізі» атты семинар өтті.
Шараға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрхан Сәдуақасов, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Кездесуде «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, бүгінгі шараны өткізуге қолдау көрсеткен университет басшылығына ризашылығын білдірді. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылдың желтоқсан айында құрылған ұйымның қызметі туралы баяндады.
«QazBioPharm» алдында мемлекеттің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өмірін сақтау және денсаулығын жақсарту жөніндегі ауқымды мақсаттар тұр. Эпидемиямен күресу үшін бірінші күннен бастап республикалық штаб құрылды. Оның жұмысы Мемлекет басшысының бақылауында болып, халыққа жақсы қолдау көрсетілді. Еліміздің ғалымдары Сovid-19 ауруына қарсы вакцина әзірлеп шығарды. Бұл үлкен еңбек. Қазіргі мақсат – эпидемияны толығымен зерттеп, нәтиже шығару», – деді Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.
«Соңғы жылдары әлемде биологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Әлемдік пандемия барлық салалардың даму бағыттарын қайта қарауды талап етуде. Осы орайда, университеттер мен ғылыми қауымдастық алдында жаңа міндеттер пайда болды. Биылғы мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық қатерлерге қарсы тұру мақсатында «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңына қол қойды. Аталған заң осы саладағы ғылымды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл университеттегі ғылымның дамуына, жаңа ғылыми кадрлардың қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта ауқымды іс-шараларды іске асырып келеді. Білім ордасында жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Биология және биотехнология факультеті ҒЗИ-мен бірлесіп «Вирусология» және «Микробиология» бірлескен білім беру бағдарламаларын дайындауда. Біздің ғалымдар COVID-19-ға қарсы профилактикалық препараттарды әзірлеуге де белсенді қатысты. Университет базасында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы биологиялық белсенді қоспа дайындалады. Сондай-ақ бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын және иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі. ҚазҰУ ғалымдары 400-ден астам патент пен авторлық куәлік алды», – деді университет басшысы.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова сөз сөйледі. «ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар, инновациялар мен заманауи зерттеулер ғасыры. Ғылымды және инновациялық жобалады дамыту еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағытының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық ғылымның басымдықтары халықаралық талаптарға сәйкес және тұтастай алғанда, жалпыұлттық мүдделермен айқындалуы тиіс», – деді депутат.
Семинар спикерлері биологиялық қауіпсіздікті дамыту, ғылыми кластер құру, инновациялық жобаларды коммерцияландыру және т.б. мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі