Поляк-литва татарлары тарихына арналған кітаптың тұсауы кесілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Польша Республикасының Қазақстан мен Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, профессор Селим Хазбиевичтің «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Польшалық-литвалық татарлар – Алтын орда мирасқорлары» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бес тілде жарық көрген кітаптың құрастырушысы әрі аудармашысы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, журналист, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Жетпісбай Бекболатұлы.
Шараны ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Досбол Байғұнақов ашып, кітаптың маңызын атап өтті. Жиында Алматы дипломатиялық клубының бірінші вице-президенті Бақытжан Бөлегенов: «Ғалымдар мен зерттеушілер пікірінше, бұл кітап біздің ортақ тарихымызды баяндай отырып, бүгінгі жайымызды түсіндіреді және болашаққа үміт береді. Кітапқа алғысөзді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев жазып отыр. Еңбектің оңтүстік астанамыздың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болатынына сенімдімін», – деп пікір білдірді.
Сонымен қатар салтанатты шарада автор Селим Хазбиевич сөз алып, алдымен кітаптың басылып шығуына қолдау көрсеткен ҚазҰУ басшылығына алғыс білдірді. Профессор кітаптың өзі үшін ерекше құнды екенін айтып, ол өз шығу тегі, отбасы, тарихи отанының өткенінен сыр шертетінін жеткізді.
«Литва мен Польша 18 ғасырдың басында өздері сөйлеген татар тілін бүгінде ұмытты. 10-ға жуық татар сөзін білетін үлкен әжем әлі есімде. Ол сөздер маған қызықты еді, себебі бұл – біздің ата-бабаларымыз Алтын Ордадан алып шыққан әдеби тіл. Содан кейін татар тілі 20 ғасырдың басында поляк және Литва татарларының діни жазбаларында болған», – деді автор.
Профессор Селим Хазбиевич – поляк татары, Алтын Орданы билеушісі Тоқтамыс ханның ұрпағы. Өз кітабында ол Алтын Орда көшпенділерінің ізбасары болып табылатын поляк-литва татарларының тарихын баяндайды, олардың қатарында қазақтар, татарлар, ноғайлар, қарақалпақтар бар. Алты ғасыр бұрын Алтын Ордадан бөлінген көшпелі халықтың бір бөлігі Польша тарихында «татарлар» атауын алды. Кейінірек олар Шығыс Еуропаға қоныстанды, қазіргі уақытта Польшада 2,5 мыңға жуық татар тұрады. Бүгінде көшпенділердің бұл ұрпақтары өздерінің тегі түркі екенін ұмытпауға тырысады.
Белгілі ғалым Селим Хазбиевич бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз шығармашылық байланыста. Оның ғылыми мақалалары «ҚазҰУ Хабаршысы» мен университеттің «Айқап» журналында, сонымен қатар «Мысль» мен «Простор» журналдарында жарияланады. Ол университет қабырғасында өткізілетін маңызды ғылыми кездесулер мен жиындарға белсене қатысады.
Тұсаукесерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика, тарих және халықаралық қатынастар факультеті Польшаның Алматыдағы Бас консулдығы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігімен бірлесе ұйымдастырды. Сондай-ақ оған ҚР Дипломатиялық қызметінің ардагерлері, Алматы дипломатия клубының мүшелері, Алматы қаласында аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың, қоғам, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері атсалысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі