Салықтық әкімшілендіру оңтайландырылады
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында қазіргі таңдағы өте өзекті мәселелерді қозғады. Соның ішінде экономикалық саясатқа ерекше көңіл бөліп, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуге ден қойды. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелді екенімізді, еңбек өнімділігінің төмендігі мен инновацияның жеткіліксіздігін қадап айтты. Бұл дегеніміз – әрі-беріден соң, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру мәселесіне келіп тіреледі.
Жалпы экономикалық саясаттың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Негізінен, бұл мақсат үкімет жұмысының, жалпы экономикалық саясаттың басымдығы ретінде Мемлекет басшысы тарапынан үнемі қозғалады. Президент сондай-ақ еліміздің алдағы экономикалық даму барысында жаңа тарифтік саясатқа көшу қажеттігін әрдайым айтып жүреді. Осының бәрі, айналып келгенде, халықтың әлеуетін көтеруге жасалып жатқан игі қадамдар.
Әлеуметтік-экономикалық бастамалар, сөз жоқ, қаржыландыруды талап етеді. Ол үшін мемлекеттік қаржы жүйесі құрылымының сауатты жүргізілуі, жалпы экономиканың қарқынды жұмыс істеуі тиіс. Ортақ қазына – бюджеттің «бүйірін шығаратын» салық жүйесін одан әрі оңтайландыру, жалпы саланы реформалау қажет екені айтылды. Осыған байланысты келесі жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі тарапынан салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру ұсынылды. Мұнда бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын тексереді, осылайша тиісті сақтықты көрсетеді. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңтайландырумен қатар, нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар қарастырылмақшы. Салық кодексіне жасалатын өзгерістер мемлекеттің қатысуымен барлық экономикалық процестердің жұмыс істеуінің ашықтығына ықпал етеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар осы жолдауда елімізде ең төменгі жалақының өсетіні жайлы айтылды. Бұл – 2 миллионға жуық қазақстандықтың табысына әсер етеді деген сөз. Жалақыны көтеру арқылы еңбек өнімділігі артады және халықтың әл-ауқатын күшейтуге болады. Сондай-ақ әлеуметті жетістікке ынталандыру іске асады.
Айжан ӘСІЛОВА,
Қаржы және есеп кафедрасының
аға оқытушысы, э.ғ.к.