ҚазҰУ-да шетелдік студенттерге арналған апталық өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шетелдік студенттерге арналған арнайы апталық ұйымдастырылды. Оған Үндістан, Пәкістан, Замбия, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Ирак, Иорданиядан жуырда оқуға түскен шетелдік азаматтар қатысуда.
Апталықтың мақсаты – шетелдік студенттер арасындағы өзара түсіністікті нығайту және тереңдету, халықтар арасындағы достықты насихаттау.
Апталық барысында жастар университет тарихы музейі, биологиялық музей, Әл-Фараби кітапханасында болып, қалашық аумағымен етене танысты. «Қазынаны тап» квесті, микрофон-стендап сынды қызықты ойындар ойнап, өзара пікір алмасты.
Сонымен қатар бағдарлама аясында шетелдік студенттер деректі фильмдер тамашалап, қаланың көрікті жерлерін аралайтын болады.
Шараға Қазақстанның шетелдік студенттер қауымдастығы ұйытқы болды.
Айта кетсек, қазіргі уақытта ҚазҰУ-да әлемнің 50 елінен келген 3000-ға жуық шетелдік студент оқиды. Университет дүниежүзінің 500-ден астам ірі жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.