Ұлыбританияда ҚазҰУ мен Лондон университеті арасында меморандумға қол қойылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Лондон университетінің Шығыстану және африкатану мектебіне ресми сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ұлыбритания астанасында орналасқан жоғарыоқу орнының кампусын аралағаннан кейін ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің директоры Адам Хабибпен кездесті.
Университет басшысы жылы қабылдағаны үшін білім ордасының директоры Адам Хабибке ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
«ҚазҰУ өткен жылы QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Азия елдері арасында оқу ордасы 44-орында. Қазіргі таңда университетте 26 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішінде 3000 студент шетелдерден келіп, білім алуда. Алдағы уақытта өзге мемлекеттерден ҚазҰУ-ға түсетін студенттер санын арттыру жоспарда бар. Басты міндет – шетелдік студенттер үлесін 2025 жылға қарай 10 пайыздан 25 пайызға дейін ұлғайту. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Университет ғалымдары отандық ғылымды дамытуға өз үлестерін қосуда. Оқу ордасында 100-ден астам инновациялық жоба дайындалды. Бүгінде оларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізілуде», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде Адам Хабиб ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалап, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы үздік 40 ЖОО қатарына кіретін университет ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Лондон университеті арасында академиялық ынтымақтастық пен алмасудың негізгі бағыттарын айқындайтын меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келісім аясында қос тарап ғылыми жарияланымдармен, ақпараттармен, оқытушылар құрамымен және ғалымдармен, студенттермен алмасуға, сондай-ақ бірлескен зерттеулерге жәрдемдесетін болады.
Сонымен қатар ҚазҰУ басшысы Кингс колледжінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламасы бойынша оқып жатқан ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамының өкілдерімен кездесті.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың Лондонға сапары аясында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысу, сондай-ақ Лафборо және Рединг университеттеріне бару жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі