Атом өнеркәсібіндегі адам ресурстарын дамыту орталығы үш бағыт: реакторларды жасау (Reactor Engineering), ядролық/радиологиялық төтенше жағдайларға дайындық (Nuclear/Radiological Emergency Preparedness) және қоршаған ортаның радиоактивтілігін бақылау (Monitoring Environmental Radioactivity) бойынша сарапшыларды дайындайды. Бұл курстарда Азия елдерінен келген қатысушылар білікті мамандардың дәрістерін тыңдау, түрлі жабдықтарды пайдалана отырып жаттығулар орындау және ядролық нысандарға бару арқылы білімдерін арттырады. Одан әрі сертификатталған мамандар өз елінде тиісті курстарды өткізіп, сол арқылы алған білімдерін отандастар арасында таратады. 2010 жылы Қазақстан аталған бағдарламаға қосылғаннан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тоғыз қызметкері аталған жобаларда білім алған.
Кездесу барысында химия факультетінің студенттері, магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ атом өнеркәсібі қызметкерлері үшін жыл сайынғы «Қоршаған ортаның радиоактивтілік мониторингі» курсын өткізу аясында одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Курс бағдарламасы ядролық физика, ядролық энергетика, радиохимия және радиоэкология саласындағы базалық білімді қамтиды. Курсты Жапонияда өткен инструкторларды даярлау жобасының сертификатталған мамандары, Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының М.Склодовская-Кюри атындағы радиациялық экология зертханасының қызметкерлері Назаркулова Ш.Н., Матвеева И.В., Сатыбалдиев Б.С., Яровая Е.Ю., Нурсапина Н.А., Абишев Т.Б., физика-техникалық факультетінің оқытушысы Кенжина И.Е., сондай-ақ Жапониядан шақырылған сарапшылар дәріс оқиды.