ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРІ ОҚУ ПЛАТФОРМАСЫН ӘЗІРЛЕДІ
17 ақпан, 2023
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері білімі мен шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, ғылыми жобаларды батыл қолға алуда. Солардың бірі – механика-математика факультетінің 4-курс студенті Роза Байшапанованың стартап командасы. Олар репетиторлар мен оқушыларды интернет арқылы бір алаңға жинап, оқытуды ұйымдастыруға көмектесетін OQU-платформасын ойлап тапты.
Жоба жетекшісі Роза Байшапановаға бұл идея бірінші курста математика пәнін үйретуші ретінде жұмыс істей бастаған уақытта келген.
«OQU – үйретушілер мен үйренушілерді тоғыстыратын орын. Мұнда репетитор сабақ берсе жеткілікті, ал қосымша сабақтарды ұйымдастыру, үй тапсырмаларын тексеру және басқа да міндеттерді платформа атқарады. Тьюторинг платформада әркім өз талабына сәйкес репетиторды, ал оқытушылар жаңа тұтынушыны таба алады», – дейді авторлар.
Онлайн жүйе төрт қарапайым қадаммен оқытушы табуға көмектеседі. Бірінші қадам – ҰБТ, SAT, IELTS-ке дайындық курстары мен микро-курстар тізімінен қажетті мазмұнды таңдау. Кез келген тақырып, мысалы, тригонометрия. Екінші – оқу пәнін, тілін көрсете отырып, өтінім қалдыру, үшінші – сынақ сабағы, төртінші – платформада сабақ басталған сәттен бастап бір айға ақы төлеу.
Жоба артықшылығы: білім беру мазмұнына үлкен таңдау, ауқымды курстарды микро бөлімдерге бөлу мүмкіндігі, онлайн оқытудың бірегей форматы, ата-аналар мен тұтынушылар тарапынан оқу процесін бақылау, оқытушылар үшін дайын материалдар.
Қазіргі уақытта OQU платформасы бета-тестілеу сатысында.
«Біз бүгінде 102 оқытушыдан тұратын алғашқы репетиторлық базаны жинақтадық. Бес ай ішінде 3 миллион теңгеден астам сомаға сатылым жасалды, бұл дегеніміз – OQU арқылы өткізілген 835 сағаттық сабақ. Сонымен қатар жоба Назарбаев университетінің стартаптар инкубациясына қатысып, финалға өтті. Оның барысында бес гипотеза тексеріліп, бастапқы бизнес-модель өзгертілді. Сондай-ақ математика бойынша авторлық мазмұнның 40%-ы дайын», – дейді жоба жетекшісі.
Жастар платформаны дамыту және жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
26 қараша, 2024
26 қараша, 2024
26 қараша, 2024