Студенттер қазақша жыл санаудың сырын ұқты

24 ақпан, 2023

Қазақ ұлттық университетінде 24 ақпан күні «6В05301-Химия» мамандығының 1-курс студенттерімен педагогикалық практика аясында филология факультеті «М017-Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» мамандығының 1-курс магистранты Қырғызбай Әлия ғылыми жетекшісі ф.ғ.д. Алтаева Алмагүл Кәрісбекқызының және ф.ғ.к., доцент Өмірбекова Роза Қалдыбекқызының қатысуымен ашық сабақ өтті. Сабақтың тақырыбы:  «Ұлттық дәстүр-ұлттық рухтың тайқазаны». Орыстілді аудитория үшін бірінші сабақ лексикалық тақырыпқа, ал екінші практикалық сабақ көп мағыналы сөздерге негізделді. Студенттер қазақтың жыл санау жүйесі мен мүшел жас турасында ой бөлісті. Біреулері мүшел жасқа қатысты наным-сенімдерге сенетінін айтып, өз тәжірибесімен бөліссе, енді бірі «қазақтың бұрынғы сенімінің сарқыншақтары» деген пікір білдірді. Сөйлеу тілінің деңгейін дамыту мақсатымен ой бөлісу, оқылым, жазылым, грамматикалық тақырыптармен жұмыс секілді тапсырмалар өз деңгейінде орындалды. Студенттердің қазақ тіліне қызығушылығы оянып, сабаққа белсенді қатысты.